Ресейдегі Геликон-опера музыкалық театрында вакцина салдыру орталығы ашылды

Ресейде коронавирусқа қарсы вакциналау қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәскеудің өзінде екпе 300 мың адамға салынған. Олардың жартысынан астамы – жасы 60-тан асқандар. Шаһарда вакцина салатын жылжымалы бригадалар саны көбейді. Ал мобильді бекеттер сауда және мәдени орталықтарда ұйымдастырылып жатыр.

Мәдениет нысандарында екпе салдыру бекетін ашу идеясын алғашқылардың бірі болып Санкт-Петербургтегі Михайлов театры қолдаған. Енді міне, Мәскеудегі Геликон-опера музыкалық театры да осындай бастаманы қолға алды.

Анна Аксакова, театрдың көркемдік жетекшісінің орынбасары:

– Біз бұл идеяны осыншама көп адам қолдайды деп ойламаған едік. Біздің вакциналау бекетіміз үлкен емес. Күніне 150-ден 200-ге дейін адам екпе салынады. Бірақ соған қарамастан кісі көп. Бекет таңертеңгі 10-нан кешкі 9-ға дейін жұмыс істейді. Бұл уақытты әдейі таңдап алдық. Спектакльге келген қонақтарға вакцина салдыру ыңғайлы болу үшін жасалып отыр.

Мәскеу орталығындағы вакциналау бекетіне тек жергілікті тұрғындар ғана емес, шетелдіктер де келеді. Солардың бірі – марокколық Халид Самака. Ол ресейлік препарат туралы ақпаратты жіті тексеріп шығып, отбасымен бірге осында екпе салдырамын деп шешкен.

Халид Самака, Марокко азаматы:

– Бәрі жақсы ұйымдастырылған. Қызмет көрсету жағы да, медициналық қолдау да керемет. Неге «Спутник V» екпесін таңдадық дейсіздер ме? Өйткені қолда бар ақпараттың бәрін тексеріп шығып, оны тиімділігі 90 проценттен жоғары екенін білдік.

Геликон-опера театрында 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Бүгінде қызметкерлердің дені коронавирусқа қарсы вакцина салдырып қойған. Сөйтіп олар тезірек қалыпты өмірге қайта оралатындарына үлкен үміт артып отыр.

Жұлдыз Атагельдиева, Дана Нұржан, Шахзод Гамиров