419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Pfizer әлем елдеріне вакцинаның 94 млн дозасын жеткізген

  • 93
  • UPD: 21:29, 05.02.2021

Пандемия көптеген компанияны шығынға белшеден батырғаны белгілі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ осы қысылтаяң шақта жұмысы қызып, қыруар пайдаға кенеліп жатқандар да бар. Солардың бірі – коронавирусқа қарсы дәрі жасап шыққан алпауыт компаниялар. Қазір ковидтің алдын алатын дәріге сұраныстың жоғары болып тұрғаны сонша, әлем бойынша оған деген қажеттілік 5 миллиард доза көлемінде. Ақшаға шаққанда бұл шамамен – 75 миллиард доллар.

Сарапшылардың айтуынша, тек Pfizer мен Байонтектің жалпы кірісі биыл шамамен 60 миллиард доллар болады екен.

Америкалық Pfizer компаниясы биыл коронавирусқа қарсы вакцинаны сатудан 15 миллиард доллар табыс табуы мүмкін. Фармацевтикалық компания өкілдерінің 2021 жылға қатысты болжамы осындай. Жыл соңына дейін аталған мекеме екпенің 2 миллиард дозасын өндіреді. Өткен айдың қорытындысы бойынша Pfizer әлем елдеріне препараттың 94 миллион дозасын жеткізген.

Жалпы, Pfizer ковидке қарсы дәріні немістің Байонтегімен бірге әзірлегенін айта кету керек. Сондықтан оның сатылымынан түскен қаражат екі компанияға тең бөлінеді. Сәйкесінше, германиялық компания да биыл 15 миллиард доллар табысқа кенелуі мүмкін: Мұндай табыстың сыры бір жағынан дәрінің бағасында деуге болатын шығар. Өйткені Pfizer мен BioNTech препараты әлемдегі ең қымбат вакциналардың бірі саналады. Бұған былтыр желтоқсанда Бельгия үкіметі байқаусызда жариялап жіберген твит дәлел. Жазбада жазылған дерекке сай, бүгінде ең қымбат вакцина – америкалық Модернаның өнімі болып тұр. Оның бірі дозасы 18 доллар екен. Екінші орында – Pfizer мен Байонтектің препараты. Нарықтағы құны – 12 еуро. Одан кейін бір дозасы 10 еуроға бағаланған «Кюрвак» вакцинасы тұр. Жалпы, бұл твиттен ең танымал вакциналардың бағасын ғана емес, Бельгия үкіметінің осы дәрілерге қанша ақша жұмсайтыны да көрсетілген. Сомасын айтсақ, ол 280 миллион еуро шамасында.

3 миллиард еуро. Францияда вакциналауға бюджеттен осыншама ақша бөлінген. Бұл өткен жылдың соңында айтылған сомадан екі есе көп. Биліктің мәлімдеуінше, бұл ең жақсы инвестиция. Өйткені санитарлық шектеулерге байланысты Францияда кәсіпорындарға көмек көрсету үшін айына 6 миллиард еуро жұмсалады. Ал локдаун шығыны тіптен 15 миллиард еуроға дейін жетуі мүмкін. Жалпы, француз билігі екпе жеткізу бойынша Pfizer, Модерна және Астразенэка компаниияларымен келісімшартқа отырған. Новавакс және Джонсон энд Джонсон өндірушілерімен де алдын ала келісім жасалған. Бірақ алдымен оларды қолдануға Еуропаның дәрілік заттар агенттігі рұқсат беруге тиіс. Негізі 65 миллион тұрғыны бар Франция билігі вакцинаның 250 миллион дозасына тапсырыс беріп қойған. Одан бөлек, бесінші республикада жергілікті екпенің өндірісі қолға алынбақ. Олар наурызда дайын болмақ.

Қалай болғанда да, вакцинаның бағасы тапсырыстың көлеміне қарай өзгереді. Мұны неміс басылымына сұхбат берген Moderna басшысы да мәлімдеген болатын. Сондықтан болар әлемде вакциналау қарқыны бойынша көш бастап тұрған Израиль 8 жарым миллион доза үшін Pfizer-ге 230 миллион доллар төлеген. Яғни бір вакцинаның құны – 27 доллар. Бұл Еуроодаққа сатылған бағадан әлдеқайда жоғары. Ал Модерна өніміне келер болсақ, тіптен қымбатқа түскен. БАҚ өкілдерінің ақпарына сай, ел үкіметі 1,5 миллион доза үшін 70 миллион доллар беріпті. Яғни бір дозаға 47 доллар кетті деген сөз. Ал ресейлік өндірушілер «Спутник V-дан» тапқан табысы жайлы әзірге тіс жармай отыр.

Хабар 24 телеарнасы