Бельгияда коронавируске қатысты жағдай тұрақталды

Бельгияда соңғы кездері эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастады. Аураханаға түскен науқастар мен өлім-жітім көрсеткішінің саны өсіп жатқан жоқ. Осыған орай жергілікті билік аймақтағы қатаң шектеу шараларын жеңілдете бастамақ. Келесі аптадан бастап шаштараздар, хайуанаттар бағы мен ашық аспан астындағы демалу орындары ашылатын болды. Ал кафе, бар мен мейрамханалар әзірге жұмысын жандандыра алмайды. Корольдікте коменданттық сағат та өз күшінде қалады.

Бельгияда 3 айдан бері жұмысы тоқтап қалған кейбір қызмет көрсету салалары қайта ашылуы тиіс. Алайда қоғамдық тамақтану орындарына әлгі шешімнің еш қатысы жоқ. Демек, сырттан ауқат ішу ел тұрғындарына әлі де арман. Шығынға белшеден батып, әбден қажыған кафе-бар, мейрамхана иелері бірер күн бұрын министрлер кеңесінің отырысы өтер кезде наразылық танытып, жиын ұйымдастырды. Жиналғандардың билік орындарына деген өкпесі қандай екені түсінікті. Бәрі дерлік банкротқа ұшырау алдында тұрғанын айтады.

Андреан Марсиль, мейрамхана иесі:

- Үкіметтен көмек емес, бізге тиісті өтемақы төлеуді талап етіп отырмыз. Жұмысымыз қайта жанданатын нақты күн белгілеруі керек. Сонымен қатар, төменгі салық мөлшері бекітілуі тиіс. Мәселен, әлеуметтік салықтағы қарызымызды өтеуге шамамыз келмейді.

Жергілікті билік қабылдаған шешімге сай ақпанның 13-інен бастап шаштараздар, хайуанаттар бағы мен ашық аспан астындағы демалу орындар қайта ашылады. Барлық санитарлық талаптар сақталса, сән салондары наурыздың бірінде ашылмақ. 

Александр Де Кро, Бельгия премьер-министрі:

- Мейрамхана, қонақ үйі мен мәдениет саласы үшін оңай емес екенін білеміз. Кей қызмет түрлері үшін жарияланған шектеулерге бір жылдан астам уақыт өтті. Мүмкінідігінше шектеулерді алып тастауды жоспарлап отырмыз. Сарапшыларға тығырықтан шығудың жол картасын дайындауға тапсырма бердік. 

Жаңа талаптарға сәйкес, сәуір айынан бастап ел аумағына тест тапсырмай келетіндер қатаң жазаға кесіледі. Заң бұзғандардың тізімі полицияға тапсырылатын болады. Кейін оларға қатысты іс қозғалып, әкімшілік жауапкершілікке тартылып,  айыппұл салынады. Ал министрлер кеңесінің кезекті отырысы енді екі аптадан кейін өтеді.