Ливияның уақытша көшбасшылары сайланды

Швейцарияда өткен Ливияның саяси диалог форумында Ливияның уақытша премьер-министрі мен Президенттік кеңестің үш мүшесі сайланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың мақсаты – биыл желтоқсан айында елде жалпыұлттық сайлау өткізу. Бұл туралы БҰҰ-ның Ливия бойынша арнайы елшісінің бас хатшысы Стефани Уильямс хабарлады. Сонымен қатар жаңа сайланған премьер 21 күннің ішінде Үкімет бағдарламасы мен министрлікке үміткерлердің тізімін жасауы керек. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл қадам Ливиядағы жауласқан тараптардың бітімге келуіне септігін тигізеді деген үмітте. 

Естеріңізге салайық, 2011 жылы диктатор Муаммар Каддафиге қарсы өткен азамат соғысынан кейін Ливиядағы жағдай нашарлап кеткен еді. Ал, өткен жылдың қазан айында БҰҰ қарсылас жақтарды атыс-шабысты тоқтатып, саяси диалог өткізуге көндірген болатын.