Astrazeneca вакцинасы Еуропа елдеріне жеткізіле бастады

Кәрі құрлық елдеріне «Astrazeneca» вакцинасының бірінші партиясы келе бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Францияның медицина мекемелеріне вакцинаның 273 мың дозадан тұратын алғашқы тобы жетті. Мамандардың айтуынша, дәріні алдымен 65 жасқа толмаған медицина қызметкерлері қабылдайтын болады. Келесі аптада Францияға Британшвед компаниясының тағы 304 мыңнан астам дозасы екінші рет келу керек. Айта кетейік, Еуроодақ препаратты өткен аптада қолданысқа енгізу үшін рұқсат берген болатын.

Валери Дюран-Рош, аурухана басшысы:

– Бүгін «Astrazeneca» препаратын еге бастаймыз. Ауруханамызға 7 мың 700 дозасы жетті. Жоспар бойынша бүгін 100 адамға вакцина салынатын болады.

Жуырда «Astrazeneca-ның» 249 мың дозасы Италияның Пратика-ди-Маре әуежайына қонды. Жергілікті билік жақын арада әскерилер вакцинаны барлық аймақтарға жеткізетінін айтады. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің жоспары бойынша, вакцина келесі аптадан бастап егіле бастамақ. Алайда мамандар келген вакцинаның саны мүлдем аз деп отыр. Компаниямен алдын ала жасалған келісім бойынша Италияға ағымдағы жылдың алғашқы үш айында 28 млн доза , немесе айына 9 млн дозадан жету керекті. Ал іс жүзінде қаңтар айында «Astrazeneca-ның» тек 2 млн дозасы ғана жеткізілді.