Конгода эбола безгегі тіркелді

Конго Демократиялық республикасында эбола безгегі қайтадан тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұқпалы кеселді Солтүстік Киву провинциясына қарасты Бьена ауылындағы бір әйел жұқтырып алып, көз жұмаған. Мамандар марқұмды зерттей келе, оның эболаға шалдыққанын анықтаған. Қазір індет шыққан аудан оқшауланып, тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Айта кетейік, эбола вирусы әдетте жабайы аңдардан шығып, адамдарға тарайды. Оны жұқтырған кісінің қызуы көтеріліп, басы мен бұлшықеттері ауырады. Осыдан кейін бүйрегі мен бауырына қатты әсер етіп, науқастың көз жұмуына әкеледі. Ал Конго Демокартиялық республикасында қауіпті індет соңғы рет өткен жылдың маусым айында шығып, қарашаға дейін жалғасқан еді. Бірнеше айға созылған індет 55 адамның өмірін қиды.