Германияда екпе салдырған 14 қария COVID-19 жұқтырды

Германияның Бельм коммунасындағы қарттар үйінің 14 тұрғыны Pfizer екпесін салдырғаннан кейін коронавирустың британиялық штамын жұқтырды.

Бұл туралы жергілікті билікке сілтеме жасаған «Фокус» басылымы хабарлаған. Індетке шалдыққандардың бәрі 2 апта бұрын екінші дозаны ектірген екен. Қазір басқа тұрғындар мен қызметкерлер және олардың отбасы мүшелері карантинге оқшауланды. Дәрігерлердің айтуынша, науқастар індеттің сыртқа білінбейтін жеңіл түрімен ауырған. Жалпы осы сәтке дейін Германиядағы Қарттар үйлерінің 630 мың тұрғыны вакцина салдырған.

Йенс Шпан, Германияның денсаулық сақтау министрі:

- Қарттар үйлеріндегі осы 630 мың тұрғын алғашқы дозаны қабылдады. Бұл күтім жасау орталықтарындағы қариялардың 80 проценті. Осыдан кейін, олардың жартысы екінші дозаны салдырып үлгерді. Түрлі штаммдар коронавирустың таралуын өршітіп отыр. Қолдан келгенше бұл жағдайды бақылауға алуымыз керек.