ОАР-да AstraZeneca вакцинасын пайдалану уақытша тоқтатылды

Оңтүстік Африка Республикасында британиялық AstraZeneca компаниясының вакцинасын қолдану уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған екпеге қатысты жергілікті зерттеулер себеп. Мамандар вакцинаның осы елде тіркелген коронавирустың жаңа штамына қарсы тиімділігінің аз екенін анықтады. Зерттеу 2 мыңнан аса адамға жасалып, дерттің әлсіз және орта түрімен ауырғандарға қарсы емі әлсіз болып шыққан.

Еске сала кетейік, Оңтүстік Африка Республикасында COVID-19-дың жаңа штамы өткен жылдың желтоқсан айында тіркелген. Зерттеулер бұл штамм коронавирустың алғашқы түріне қарағанда тез жұғатынын көрсеткен. 

Звели Мкхизе, Оңтүстік Африка Республикасының денсаулық сақтау министрі:

- Бұл уақытша мәселе. Вакцинаның тиімділігі неге аз екенін толық зерттеп білмейінше оны пайдалану тоқтатыла тұрады. Тек оның себептері анықталған соң ғана тиісті шешім қабылданады.