Үндістанда Гималайдан жылжыған мұздықтың кесірінен көз жұмғандар саны 15-ке жетті

Үндістанда Гималай тауынан төмен жылжыған мұздықтың кесірінен қаза тапқандар саны 15 адамға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін 9 кісі құрбан болды деп хабарлаған едік. Сондай-ақ із-түзсіз жоғалғандар қатары 170 тұрғынға ұлғайды. Жергілікті ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, құтқарушылар таңнан бері 15 адамды тірі алып шыққан. Құтқару операциясына әскерилер де қосылды. Зардап шеккендерге жедел жәрдем көрсету үшін жақын маңнан дала госпиталі жасақталған. Қайғылы оқиғаға байланысты Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Ол халықаралық қауымдастық қажет болса, шұғыл көмек көрсетуге дайын деп екенін жеткізген.

Вивек Пандей, шекаралық полиция қызметінің баспасөз хатшысы:

- Таңнан бері екінші жер асты жолындағы іздеу-құтқару операциясын жандардық. Ол жерде 30-ға жуық адамның қамалып қалғанын анықтадық. Іздеу-құтқару ісіне 300-ге тарта шекаралық полиция қызметкерін жұмылдырдық. Олар қазір жер асты жолының кіреберісін тазалап жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Гималайдағы мұздық бөлініп кетіп, өзен суымен бірге үлкен қарқынмен төмен қарай жылжи бастаған. Мамандардың әлемдегі ең биік таудағы мұздықтың көшуіне ғаламдық жылыну әсер етуі мүмкін деп есептейді. Экологтар мұндай қауіптің барын Үндістан билігіне 2 жыл бұрын ескерткен екен.

Сондай-ақ...