Әлемге коронавирустың төрт мың түрі қауіп төндіріп тұр

Бұл туралы британдық ғалымдар мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар індеттің алдын алу мақсатында арнайы зерттеу жұмысын бастап кеткен. Бірінші кезекте араласқан вакцинаның тиімділігін тексеріп көрмек. Еріктірлерге алдымен «Файзер» өнімі, кейін AstraZeneca препараты егіледі.

Сарапшылардың сөзінше, вакциналардың араласқан түрі тек ковидке ғана емес, Эбола мен гепатит секілді ауруларға да қолданылады екен.

Індеті басталғалы жер бетінде ковидтің мыңнан астам мутацияланған түрі тіркелген. Олардың ең қауіптілері – британ, оңтүстікафрикалық және бразилиялық штамдар. Себебі коронавирустың осы түрлерінің жұқпалылығы 70 процентке жетеді екен. Таралу қарқыны да әлдеқайда жоғары. Осыған алаңдаған британ ғалымдары арнайы зерттеу жұмысын қолға алып, ковидтің жаңа түрлеріне дәрмен болатын дәрі табуға кірісті. Ол үшін зерттеушілер қолданыстағы вакциналарды араластырып көрмек екен. Яғни еріктіге бастапқыда «Файзер» вакцинасы салынса, кейін АstraZeneca өнімі егіледі. Мұндай сынаққа жасы 50-ден асқан 800 кісіні тарту көзделген.

Мэтью Снейп, Оксфорд университетінің доценті:

– Зерттеу жұмыстары үшін осы айда еріктілерді тартамыз. Сөйтіп, маусым-шілде айларына қарай алғашқы нәтижеге қол жеткізуді көздеп отырмыз. Мақсатымыз осы.

AstraZeneca өніміне қатысты Оңтүстік Африка Республикасы билігінде көп сұрақ бар көрінеді. Сондықтан британиялық вакцинаны бұл елде қолдану уақытша тоқтатылды. Оған екпеге қатысты жергілікті зерттеулер себеп. Мамандар вакцинаның осы елде тіркелген коронавирустың жаңа штамына қарсы тиімділігі аз екенін анықтады. Зерттеу 2 мыңнан аса адамға жасалып, дерттің әлсіз және орта түрімен ауырғандарға қарсы емі, әлсіз болып шыққан. Оңтүстік Африка Республикасында COVID-19 жаңа штамы өткен жылдың желтоқсан айында тіркелген. Зерттеулер бұл штамм коронавирустың алғашқы түріне қарағанда, тез жұғатынын көрсеткен. 

Звели Мкхизе, Оңтүстік Африка республикасының денсаулық сақтау министрі:

– Бұл уақытша мәселе. Вакцинаның тиімділігі неге аз екенін толық зерттеп білмейінше, оны пайдалану тоқтатыла тұрады. Тек оның себептері анықталған соң ғана тиісті шешім қабылданады.

Оңтүстікафрикалық жаңа вируспен күресте тиімдірек болуы үшін AstraZeneca вакцинасы күзге қарай жетілдірілмек. Бұл туралы бүгін британиялық ғалымдар мәлімдеді.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Дарси дауылы өзімен бірге қатты жел мен қар ала келді. Бұл Англия үшін сирек құбылыс. AstraZeneca вакцинасы Оңтүстік Африкадан жеткен коронавирустың жаңа штамына қарсы тұру деңгейі төмен екендігін дәлелдейтін зерттеу ғылыми сараптамадан толық өткен жоқ. Оксфорд университетіндегілердің мәлімдеуінше, екпенің тиімділігін соңына дейін анықтау үшін әлем ғалымдары әлі де клиникалық сынақтар жүргізіп жатыр. Соңғы зерттеуге бар-жоғы 2000 адам қатысқан және вакцинаның пәрменділігіне қатысты ақпарат әлі де толықтырылады деген үміт бар. Британияда ресми мақұлданған AstraZeneca-ның және басқа да вакциналардың коронавирустың бірнеше түрінен қорғайтын қасиеті жоғалған емес дейді мамандар. Ұлыбританияда оңтүстікафрикалық жаңа вирустың 147 жағдайы тіркелген.  

Сара Гилберт, Оксфорд университетінің жетекші вакцина жасаушысы:

– Вакцина коронавирус жұқтырудың көп жағдайында қауқарсыз болуы мүмкін. Бірақ оның өлімге және аурудың асқынған түрлеріне қарсы тұра алатын мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Коронавирустың оңтүстікафрикалық нұсқасына қарсы тұратын AstraZeneca-ның жетілдірілген түрін күзге таман жасалуы мүмкін. 

Британияда ковид-төлқұжаттар енгізілмейді. Бұл жөнінде елде вакциналауға жауапты министрдің орынбасары Надим Захауи мәлімдеді. Ол сондай-ақ басқа мемлекетке барарда вакцина алғанын дәлелдейтін құжат керек болса, жергілікті емханадағы дәрігерден алуға болады деді. Қазірге дейін 12 миллионнан астам адам вакцинаның бірінші дозасын қабылдап үлгерді. Бірінші кезекте қарт кісілер мен медицина мамандары екпе алып жатыр. Ақпанның ортасына дейін олардың санын 15 миллионға жеткізу жоспарда бар. Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне межеге жету үшін аптасына шамамен 2 миллион укол салу керек. Екпе алғандар саны бойынша Ұлыбританияның алдында Израиль, Біріккен Араб Әмірлігі және Сейшел тұр.

Қара құрлықтағы жайтқа қарамастан, Еуропаға AstraZeneca вакцинасы біртіндеп жеткізіле бастады. Францияның медицина мекемелері жуырда екпенің 273 мың дозасын алды. Мамандардың айтуынша, вакцина алдымен 65 жасқа толмаған медицина мамандарына салынады. Келесі аптада Францияға Британ-швед компаниясының тағы 304 мыңнан астам дозасы келу керек. Еуроодақ препаратты өткен аптада қолданысқа енгізуге рұқсат берген болатын.

Бриджит Бонан, медицина маманы:

– Алдымен медицина қызметкерлерін вакциналау түсінікті жағдай деп ойлаймын. Өйткені кей ауруханаларда мамандардың ковидке шалдығуынан қиындықтар туған еді. Сондықтан дәрігерлер науқастарды емін-еркін қабылдай алуы үшін біз оларды мейлінше қорғай білуіміз керек.

Аталған препараттың алғашқы партиясын тақауда Италия да қабылдап алды. Бұл елге AstraZeneca өнімінің 250 мыңдай дозасы келген. Енді келер аптада тұрғындар осы дәріні қабылдай бастайды. Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында Италия билігі вакцина өндірушілерден жалпы саны 28 миллион доза алуы керек. Алайда препаратты жеткізу ісіндегі қиындықтарға байланысты қаңтарда Италия дәрінің 2 миллион данасын ғана алған.