Қызғылт қар, сары аспан: табиғаттың тосын мінезі әлем елдерін әлекке салуда

Неміс халқы сарғайған аспан бейнесін тамашалап, таң қалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар Германияға жел арқылы Африка құмы жеткенін айтады. Чехияда да қызғылт-сары қар жауған. Ал Индонезияны қызыл түсті су басты.

Индонезияда Синабунг жанартауы атқылай бастады. Күл мен түтіннің биіктігі жарты метрден асады. Әзірге жақын маңдағы тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары басталған жоқ. Дегенмен билік жанартауға 3 шақырымға дейін жақындамауды ескертіп жатыр.

Бұл Солтүстік Суматра аралындағы жағдай. Ал елдің басқа бір өңірі тасқын сумен әлек боп жатыр. Мұнда жауын-шашын маусымы қарашадан наурызға дейін жалғасады. Толассыз нөсер салдарынан ел астанасы Джакартаны су басты. Бір сағат ішінде жергілікті өзендердің біріндегі су деңгейі 20 сантиметрге көтерілген. Билік балалар мен қарттарды эвакуациялауға кіріскен.

Исти Барока, Джакарта тұрғыны:

– Заттарымызды екінші қабатқа көтеріп қойдық. Егер су осы деңгейден аспаса, ешқайда бармай-ақ үйде қаламыз. Бірақ тағы көтерілсе, эвакуациялау орталығына көшуден басқа амал қалмайды.

Индонезиядағы ауылдардың бірінде көшедегі қызыл түсті су желі қолданушылары арасында қызу талқыға түскен. Мұнда мата өңдейтін цехті су басып, химиялық бояғыш жан-жаққа жайылып кеткен екен.

Индонезиялықтар қызыл судың бейнежазбасымен бөлісіп жатса, неміс халқы сары аспанның суреттерін жариялап жатыр. Бұл Штутгарт қаласында болған оқиға. Мамандар шаһар үшін сирек кездесетін жағдай екенін айтады. Олар бәріне Сахарадан желмен келген құм себеп дейді.

Германияның орталық және солтүстік өңірлерінің халқын қалың қар мен көктайғақ әлекке салды. Салдарынан көлік қозғалысы қиындаған. Темір жол қатынасы да іркіліспен жұмыс істеді. Табиғаттың тосын мінезі екпе жұмыстарына да әсер етті. Мәселен, Зангерхаузен қаласында вакциналау орталығының қызметкерлері жұмысқа жете алмай қалған. Сонымен қоса ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше футбол матчы кейінге шегерілген. Ал Баварияда бүгін оқушылар сабаққа бармады. Мамандар қар әлі жауатынын ескертіп отыр.   

Жұлдыз Атагельдиева

Сондай-ақ...