419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Израильде вакцина туралы жалған ақпарат желдей есіп тұр

  • 129
  • UPD: 10:20, 09.02.2021

Өз тұрғындарын вакциналау  бойынша әлемде көш бастап тұрған елдердің бірі Израиль. Бірақ жұмысқа кедергі келтіргендер де табылады. Мысалы, екпеге қарсы шыққандар әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратып, елге іріткі салды.

Жалған ақпарат таратушылар туралы алғашқылардың бірі болып тілшілер хабарлаған. Журналистер әлеуметтік желіде жұртты вакциналау науқанына қарсы шығуға шақыратын топтарды байқаған. Олар халықты екпеге жазылып, бірақ артынан бармай қоюға үндеген. Сонда препарат түкке жарамай қалады-мыс. Өйткені екпені мұздатқыштан алып шыққаннан кейін бірнеше сағат ішінде қолдану керек.

Нахман Эш, Коронавируспен күрес бойынша ұлттық штаб басшысы:

- Біз екпеге қарсы шығуға шақыратын ақпараттарды бақылап отыратын арнайы топ құрдық. Бұл ақымақтық қой. Оның үстіне өте қауіпті. Коронавирустан 5 мыңнан аса адам көз жұмды. Сондықтан вакциналауға кедергі келтіру қылмыс десек, артық емес. 

Қазір елде жасы 16-дан асқандар да екпе алып жатыр. Билік халықты жаппай препаратпен қамтамасыз етуге тырысып жатқанда әлгі топтардың әрекеті бәрін құртуы мүмкін дейді. Израиль вакцинаны екі есе қымбатқа сатып алады екен. Еуропадан ұшақпен жеткізудің өзі де оңай емес. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі іріткі салуды болдырмау үшін киберқауіпсіздік бойынша ұлттық орталық көмегіне жүгінген. Әзірге ведомство шағымынан кейін фейсбуктегі осындай топтың бірі бұғатталды. Билік вакциналау өз нәтижесін бере бастағанын айтады. Сөйтіп, жағдайы ауыр науқастар саны азайған. 

Биньямин Нетяньяху, Израиль премьер-министрі:

- Соңғы жарты ай ішінде вирус жұқтыру дерегі 45 процентке азайған. Ауыр жағдаймен емханаға түсіп жатқан науқастар саны 26 процентке кеміді. Бұл вакциналаудың нәтижесі. Екпені неғұрлым көп адам салдырса, соғұрлым экономиканы тезірек қалпына келтіруге болады. 

Экономика демекші, биыл қаңтарда өткен жылмен салыстырғанда бюджетке түскен салық көбейген. Мамандар мұны азық-түлік және электр тауарларының сатылымымен байланыстырады. Карантинде үйде отырған Израиль халқы тамақты көп жеп, электр тауарларын жиі сатып алатын болған. 

Авторлар: Жұлдыз Атагелдиева, Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы