Грузия халқы қалыпты тіршілігіне орала бастады

Грузия жұрты біртінден бұрынғы тыныс-тіршілігіне орала бастады. Аймақтағы эпидахуал жақсара бастағандықтан билік кей шектеулерді жеңілдетіп жатыр. Індеттің екінші толқынынан есеңгіреп қалған ел тұрғындары қараша айында үйде қамалуға мәжбүр еді. Қоғамдық көлік тоқтап, сауда орындары, мәдени, спорт мекемелері жабылып қалған. Қоғамдық тамақтану орындары мен білім ордалары да есігіне қара құлып ілген. Ал соңғы бірнеше апта бойы Грузия халқы шектеулерге наразылық таныта бастаған еді.

Грузияда осыдан 2,5 ай бұрын жарияланған шектеу шаралары жеңілдей бастады. Оған қаңтардың соңында кей өңірлерде тіркелген жаңа науқастар санының азайғаны себеп болды. Енді ел астанасы мен тағы екі ірі шаһарда эпидахуал біртіндеп  тұрақтала бастады.

Георгий Гахария, Грузия премьер-министрі:

- Жағдай оңала бастағандықтан шектеулерді біртіндеп алып тастай аламыз. Осылайша ақпанның 8-інен бастап қоғамдық көліктердің жұмысы жанданды. Бұған қоса сауда орындары да ашылады. Ал бір аптадан кейін балаларымыз мектеп партасына отыратын болады. Ақпанның 15-інен бастап ашық аспан астындағы мейрамханалар мен кафелер де есігін ашады. Алайда сенбі-жексенбі күндері шектеулер қайта күшіне еніп отырады.

Билік өкілдерінің пікірінше, аймақта вирустың тез таралмауы үшін демалыс күндері халықтың қозғалысын шектеу өте маңызды. Үкіметтің бұл шешімімен ел тұрғандары да толықтай келісіп отыр.

Тамара Надарая, Тбилиси тұрғыны:

- Шектеулердің әлі де болса жалғасқанын қалар едім. Денсаулығым үшін қорқамын. Сондықтан ешқайда шығып жүрген жоқпын. Аса қажеттілік болмаса үйде отырғанды жөн көремін.

Ал Грузиядағы коменданттық сағат болса сәуір айына дейін жалғасуы мүмкін. Әзірге ел тұрғындары кешкі сағат 9-дан бастап таңғы 6-ға дейін сыртқа шыға алмайды. Бұл ереже туризм саласындағы кәсіпкерлерге жақпай отыр. Айтуынша, саяхатшылардың кешкі уақытта серуендей алмауы туризм саласына кері әсерін тигізуде. Шектеулер әсіресе жастарға ұнамайтын көрінеді. 

Лука Чапандзе, Тбилиси тұрғыны:

- Алдымен коменданттық сағатты, кейін өзге де шектеулерді жеңілдету керек еді. Жолдар, жұмыс орындары ашылғанмен, коменданттық сағат өз күшінде қалды.  Кешкі уақытта жастардан басқа ешкім сыртқа шықпайды ғой. Дүкендердің ашылғанынан не пайда? 

Карантин талаптары жеңілдегенмен тиісті санитарлық ережеге бірнеше рет бағынбағандар үшін жаза қатаңдатылды. Мысалы, қоғамдық жерлерде маскасыз жүргендерге шамамен 6 доллар айыппұл салынады. Ал заң бұзушылық екінші рет қайталанса, айыппұл мөлшері екі есеге артпақ. Мамандардың болжамынша, халық бетпердені келесі жылы ғана шешуі мүмкін. 

Авторлар: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили