Германия қалың қардың құрсауында қалды

Германияда үш күннен бері қалың қар жауып, аяз күшейді. Күн райының қолайсыздығынан кей қалада пойыздар тоқтады. Жол апаты көбейіп, кептеліс жиілеген. Көлік министрлігі азаматтарға көктайғақта сапарларын кейінге шегеруге кеңес беруде. 

Германия астанасында қар күні-түні жауып тұр. Шаһардың коммуналдық қызметі үш күннен бері тәулік бойы жұмыс істеуде. Жапалақтап жауған қар көлік қатынасын тұралатып, тастады. Тас жолдарда апат көбейіп, кей аймақтарда жексенбіден бері жүк көліктерінің жолға шығуына тыйым салынды. Сарапшылар мұндай қыс соңғы рет 40 жыл бұрын болғанын айтады. 

Мерко, Берлин тұрғыны:

- Мұндай қыс болмағалы қай заман. Адамдардың көбі қазіргідей ауа райын ұнатпайды. Қоғамдық көлік саябырлап, адамдарға көп қолайсыздық тудырып жатыр. Ал жүргізушілердің көбінің қыс кезінде жүргізу тәжірибесі аз.

Күннің күрт суытуы тұрғындарды да әбігерге салуда. Қоғамдық көлік кешігіп жүріп жатыр. Көп аймақта пойыздар жүрмей, Дортмунд қаласындағы әуежайда рейстер тоқтатылды. Қолайсыз күн райынан солтүстік пен орталық аймақтар көп зардап шегуде. Мектептер мен бала бақшалар жабылып Бундеслига ойындары кейінге ауыстырылды. Кей жерлерде халықты вакциналау да уақытша тоқтатылған.

БЛИЦ:

- Қазір нағыз қар жауатын кез емес пе. Мен мұғаліммін. Жұмысты үйден істеп жатқандықтан еш қолайсыздық тудырып жатқан жоқ. Бірақ қар балаларға жақсы болған сияқты.

- Баяғыда біздің бала кезімізде қар көп жауушы еді. Қазір тіпті қай кезде қалың қар түскені есімде жоқ.

Қатты жел мен аяз Германия үшін тән ауа райы емес. Бірақ алдағы аптада немістердің осындай төтенше жағдайда өмір сүруіне тура келеді. Ғалымдардың көбі бұған ғаламдық жылыну себеп деп отыр. 

Авторлар: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский