Әлемде пандемияның кесірінен жұмыссыздар саны артты

Пандемиядан барлық елдің экономикасы зардап шегіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көп мемлекетте ойын-сауық мекемелері жабық тұр. Тамақтану орындарының қызметі шектелген. Туристік компаниялар құрдымға кетті. Әуе компаниялары бірінен соң бірі қызметкерлерін қысқартатынын жариялап жатыр. Миллиондаған адам жұмыссыз отыр. Бұл көрсеткіш әсіресе, АҚШ-та жоғары. Бірақ сарапшылар соңғы уақытта жағдайдың біршама жақсарғанын айтады.

Ал, көрші ел Ресейде келесі айда екі қолға бір күрек таппай қалғандар қатары күрт артуы мүмкін.

Сарапшылар қай салада жұмыссыздар көбейгенін айтады?

Бұл қазір қызметі тоқтап тұрған не шектелген кәсіпорындар. Мәселен, тамақтану орындары, қонақ үй бизнесі мен ойын-сауық мекемелері.

***

Ресейде наурызда жұмыссыздық деңгейі артуы мүмкін

Ресейде келесі айда жұмыссыздық деңгейі күрт артуы мүмкін. Сарапшылардың болжамы осындай. Өйткені наурызда фирмаларға қызметкерлерін жұмыстан шығаруға тыйым салатын мемлекеттік бағдарлама аяқталады. Шағын және орта бизнестегі кәсіпорындардың 30%-іне жабылып қалу қаупі төніп тұр. 5 миллион адам екі қолға бір күрек таппай қалуы мүмкін. Әсіресе, қоғамдық тамақтану, қонақ үй, ойын-сауық және қызмет көрсету салаларына қиынға соғатын түрі бар.

Максим Решетников, РФ Экономикалық даму министрі:

- Жеңілдікпен несие берудің мемлекеттік бағдарламасына қатысатын компаниялардың 98%-і талаптарды орындап отыр. Яғни жұмыс орындарын сақтап қалды. Мемлекет оларды несиені қайтарудан босатты. Соның арқасында 5,4 миллион жұмыс орнын сақтап қалды. Бірақ наурызда бағдарлама аяқталса, кейбір компаниялар қызметкерлерін қысқартуы мүмкін. Бұл дағдарыстан қалпына келіп үлгермеген фирмаларға қатысты. Ол ең алдымен қонақ үй, ойын-сауық, қызмет көрсету және қоғамдық тамақтану салалары. Президенттің тапсырмасымен экономиканың осы секторларына қосымша көмек көрсету бойынша ұсыныс дайындап жатырмыз.

Санкт-Петербургте де жұмыссыздар қатары артуы мүмкін. Былтыр қалада жабылып қалған барлар мен мейрамханалар саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Салдарынан қазір Санкт-Петербург жұмыссыз бармендер санынан елде екінші орында тұр. Бірінші орында – Мәскеу.

Швейцарияда бір жылда жұмыссыздық деңгейі 40%-ке артқан. Әсіресе, жастар арасында қатты байқалады. Сарапшылар оған пандемия себеп дейді. Елде коронавирусқа байланысты шектеу шаралары күшейтілген. Ақпанның соңына дейін дүкендердің көбі жабық болады. Компаниялар қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшіруге міндеттелді.

***

Францияда маска өндірушілер жұмыссыз қалудан қорқып отыр

Ал, Францияда маска өндірушілер жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдайды. Біріншіден, олар пандемия аяқталғанда қалай күн көреміз дейді. Сондықтан биліктен осы мәселе бойынша көмек сұрайды. Екіншіден, француз өндірушілері жоғары бәсекелестікке шағымданып отыр. Қытайдан келетін маскалардың бағасы жергілікті өнімнен арзан көрінеді. Сондықтан кәсіпкерлер қытайлық қорғаныс құралдарына салық салуды сұрайды.

Жерар Хелиз, маска өндіретін фабриканың атқарушы директоры:

- Коронавирусты жеңіп шықсақ, бәрі қайтадан бұрынғыдай болар еді. Бәріміздің қалайтынымыз осы. Бірақ ол кезде біздің күніміз не болмақ? 2020 жылы өндіріс көлемін арттырдық. Бірақ дағдарыс аяқталса, сол деңгейді ұстап тұра алмайтынымыз анық. Сонда не істейміз?

***

АҚШ-та жұмыссыздар қатары көбейді

Пандемиядан қатты зардап шеккен елдің бірі – АҚШ. Мұнда кісі өлімі, деректер саны да жоғары. Сондай-ақ ел экономикасы да ақсап қалды. Жұмыссыздар қатары көбейген. Бірақ биыл қаңтарда көрсеткіштер біршама жақсарған. Оған шектеу шараларының жеңілдетілуі себеп. Сарапшылар жұмыссыздық әлі де 2008-2009 жылдардағы Ұлы рецессия кезіндегі көрсеткіштерден жоғары екенін айтады.

Мэттью Форестер, экономист:

- Қаңтарда жұмыссыздық деңгейі біз күткеннен де төмен болып шықты. Бұл қуантарлық жағдай. Алайда бұл әлі де жоғары деңгейде екенін ұмытпаған жөн. 20 миллион америкалық жұмыссыздық бойынша өтемақы алып отыр. Шектеу шаралары жеңілдетіліп, өндіріс артқан күннің өзінде де экономиканы қалпына келтіру оңайға соқпайды. Өйткені 20 миллион адамның бірден жұмысқа тұра қоймайтыны түсінікті.

***

Жаңа жыл кезінде қызметкерлерге жұмыста қалу ұсынылды

Пандемия кесірінен өзгелер екі қолға бір күрек таппай қаламыз деп алаңдаса, қытайлықтар үшін, керісінше, жұмыс көбейетін сияқты. 12 ақпанда мұнда Ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл басталады. Осы ретте миллиондаған тұрғын мерекені отбасымен бірге атап өту үшін өзге өңірлерге қатынайды. Былтыр соның кесірінен коронавирус түрлі аймақтарға таралып кеткен еді. Билік биыл осы жағдайды болдырмау үшін қызметкерлерге мерекеде жұмыста қалуды ұсынған. Бұл үшін компания иелері тіпті өтемақы төлейтін болды. Ал, шенеуніктерге тіптен саяхаттауға тыйым салынды. Соның арқасында еңбек мигранттарының шамамен 78%-і туған өңірлеріне бармай, жұмыс орнында қалады деген болжам бар. Сондай-ақ аймақтар арасында қатынауға қатысты шектеулер салынды.

Чжан Сяннин, жергілікті тұрғын:

- Егер вирус жұқтыру қаупі жоғары аймақтан келгендер болса, олар 14 күн карантинде болу керек. Және өзге провинция аумағына өту үшін барлығы тест тапсыруға міндеттеледі. Теріс нәтиже туралы анықтама болмаса, тіпті пойызға да мінуге болмайды.

Осындай шектеулерге қарамастан биыл қытайлықтар жаңажылдық демалыс кезінде 1,5 миллиард сапар шегеді деп күтілуде. Бұл әрине, үлкен сан. «Бірақ әдеттегіден екі есеге аз», - дейді билік.