Оңтүстік Кореяда халықты жаппай вакциналау 26 ақпанда басталады

Сеул билігі науқанға қызу дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлер тұрғындарға екпені қалай жасайтынын көрсетіп, қандай кері әсері болуы мүмкін екенін түсіндірді.

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяда коронавирусқа қарсы екпе егу 26 ақпанда Сеулде басталады. Вакциналау ұлттық медицина орталығында өтеді. Бүгін дәрігерлердің вакциналауға дайындығы көрсетілді. Адамдардың алдымен дене қызуы тексеріледі, содан кейін қолдарын зарасыздандыруы керек. Құжаттарды тексергеннен кейін келушілерге жанама әсерлер туралы ескертіледі. Екпе салдырған соң қалтырау, бас ауруы және жоғары температура болуы мүмкін. Клиникада адамдар кіріп-шығатын бөлек есіктер әзірленген. Жақсы желдету үшін терезелер ашылады. Жаттығу кезінде дәрігерлер 47 минут ішінде 51 адамға қызмет көрсетті.

О Мён Дон, Ұлттық медициналық вакциналау орталығының басшысы:

- Бүкіл ел бойынша 250 орталық ашылған соң күніне 150 мың доза екпе салуға болады. Pfizer вакцинасын ерітіп, сұйылтқаннан кейін 6 сағаттан соң қолдану қажет. Сондықтан бірден бір доза текке жоғалтпас үшін алдын ала кездесуді белгілейтін жүйе іске қосылмақ.

Владислав Цой, тілші:

- Корея азаматтары алатын алғашқы вакцина AstraZeneca болатыны белгілі. 24 ақпанда Сеулге 1,5 миллион дозасы жеткізіледі. Бірінші болып екпелерді денсаулық сақтау қызметкерлері мен қарттар үйінде тұратын адамдар алады. Бүгін біз Сеул тұрғындарымен сөйлестік. Олардың көпшілігі қандай вакцина алатынынан бейхабар екен.

Ким Гён Док, Сеул тұрғыны:

- Вакцина ғалымдардың тексерісінен өтті деп ойлаймын. Кері әсері болмайды және болған күннің өзінде қауіп төндірмейді деп сенемін.

Хан Ки Джа, Сеул тұрғыны:

- Алаңсызбын. Үкіметке сенемін. Кезегім келгенде еш күмәнсіз барып егілемін. Вакцина туралы түк білмеймін. Мамандардың ақыл-кеңесіне құлақ асамын.

Владислав Цой, тілші:

- Вакциналарды зерттеген сарапшы Чон Джэ Хун вакциналау Кореядағы өлім-жітімге әсер етпейді деп санайды. Профессор індетке шалдыққандарға да екпе егу керек дейді. Өткені әлемде коронавирусты қайта жұқтыру деректері көп тіркеліп жатыр.

Чон Дже Хун, Качон университетінің профессоры:

- Вакцинаны негізінен егде адамдар мен өміріне қауіп төнген тұрғындар алады. Яғни олар тек вакцинадан ғана қайтыс болады деген сөз емес. АҚШ, Норвегия мен Кореяда біраз дау болды, бірақ өлім-жітімнің екпеге байланысты болмайтыны ғылыми дәлелденген.

Владислав Цой, тілші:

- Биылғы жылдың алғашқы жартысында Корея Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVAX жобасы арқылы шамамен 2 миллион 710 мың доза вакцина алады. Үкімет қараша айына дейін вакциналауды аяқтап, елдің 52 миллион тұрғынында ұжымдық иммунитет қалыптастыруды көздейді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян