Ғалымдар: Ауа райының өзгеруі коронавирус індетінің пайда болуына әсер етті

Ғалымдар ауа райының өзгеруі коронавирус індетінің пайда болуына әсер етті дейді.

Биыл жер бетіндегі климаттың ластануына қарсы күрес күшейе түсуі тиіс. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутеррештің пікірі. Ұйым басшысы жекелеген мемлекеттер мен мекемелерді ауаны ластаушы заттарды мейлінше азайтуға шақырып отыр.

Әлемде коронавирус індетінен бөлек әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер көп. Соның бірі – климаттың өзгеруі. Жуырда ғана Microsoft басшысы Билл Гейтс осылай дегенді. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымы індеттің аяқталғанын күтпей, іске қазірден бастап көшуді шешті. Мақсат – 2030 жылға қарай зиянды заттар қалдығын нөлге жеткізу. Антониу Гутеррештің айтуынша, ол үшін дамыған мемлекеттер дамушы елдердегі климаттық бағдарламаларды қаржыландыруға жыл сайын 100 миллиард доллар бөлуі керек.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Ауаны ластаушы заттар қалдығын нөлге жеткізу кез келген ел мен қалаға, компания мен мекеме үшін қалыпты жағдайға айналуы керек. Бұл авиация, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларына да қатысты нәрсе.

Біріккен Ұлттар Ұйымы ауаға кететін зиянды заттардың көлемін азайтуға мемлекеттердің қауқары әбден жететінін айтады. «2020 жылы өндірістің жаппай тоқтап қалуы соның айқын дәлелі», - дейді олар. Мәселен, өнеркәсіптік шығарындылар көлемі жағынан көш бастап тұрған Қытайда індет кезінде ауаның ластану деңгейі әлдеқайда төмендеген. Бейжіңдегі экология бюросы келтірген мәліметке сәйкес, Қытай астанасындағы таза ауа 276 күн бойы сақталып тұрған. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 1 айға ұзақ екен.

Ю Джинхуа, Бейжіңдегі экология бюросы директорының орынбасары:

- Бейжіңдегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін бірнеше шара қолға алынды. Мәселен, техникалық бақылау күшейтілді. Сонымен қатар ауаға бөлінетін зиянды заттар көлемін қысқарту бойынша шаралар қабылданды.

Жалпы климаттың өзгеруі коронавирустың пайда болуына да түрткі болған көрінеді. Кембридж университетінің ғалымдары осындай байламға келіп отыр. Ауа температурасының көтерілуі мен Қытайдың оңтүстігіндегі өсімдіктердің өзгеруі елдегі жарқанаттар саны көбеюіне әкелген. Ал біз білетіндей, дәл осы құстар COVID-19-дың таратушысы болып саналады. Көбейгендер қатарында тек жарқанаттар ғана емес, сусиыр мен кенгуру да бар. Кезінде Колумбияға есірткі бароны Пабло Эскобар әкелген сусиырлардың қазір көбейіп кеткені сонша, олар бүкіл экожүйеге қауіп төндіре бастапты. Ал Австралияда кенгуралар саны тым артып кеткен.