Буэнос-Айресте мыңдаған адам кедейшілік пен қымбатшылыққа қарсы шеруге шықты

Аргентина астанасы Буэнос-Айресте мыңдаған адам кедейшілік пен қымбатшылыққа қарсы наразылық шарасына шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Белсенділер өмір сүру деңгейінің төмендеуін коронавирус індетінен кем көрмейді. Ереуілшілер «кедейшілік пен қымбатшылық та індет» деп ұрандатып, елдің Экономика министрлігіне дейін шерулетіп барды. Олар еңбеккерлердің жалақысын көтеруді және жұмыссыздықты жоюды талап етті. Сарапшылар Аргентинаның жалпы ішкі өнімі биыл 12%-ке төмендейді деп болжайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, осы елдегі 10 баланың алтауы жоқшылық тауқыметін тартып отыр.

Себастьян Субизаретта, ұйымдастырушы:

- Еліміздің миллиондаған тұрғыны әрең күнелтіп жүр. Індент кезінде жұмыссыздық деңгейі еселеп артты. Әсіресе, бала тәрбиелеп отырған отбасыларға өте ауыр. Тығырықтан шығар жол керек.