Қытайда миграция маусымы басталды

Қытайда ай күнтізбесі бойынша қытайша Чуньцзе деп аталатын жаңа жыл аспан асты елінің тұрғындары үшін басты мерекелердің бірі болып саналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әдетте бұл күнді миллиондаған қытайлық өз үйінде қарсы алу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен еліне қайта бастайды. Егер пандемияға дейін шамамен 3 млрд сапар болса, енді бұл көрсеткіш 40 процентке дейін қысқартылмақ. Бүгінде Бейжіңдегі эпидахуал оңалғанмен қауіпсіздік шаралары әлі де қатаң бақылауда. Бұған дейін карантинге жабылған бірнеше аудан қайта ашыла бастады. Шаһардағы мерекеге дайындық қызу жүріп жатыр. Десе де жергілікті билік халықты мерекені тойлау үшін қала сыртына шықпауға шақырады.

Ван Чэнь, жолаушы:

- Билік өкілдері ұсынған талапқа сай елге келгеннен кейін 7 күн бойы денсаулығымды өзім мұқият бақылауым керек екен. Үнемі дене қызуы тексеріліп отырады. Келмес бұрын ПТР тест тапсырдық. Бейжіңге оралғаннан кейін қайта тапсыруыма тура келеді.

Мерекеге қарамастан вакцинация науқаны жалғаса береді. Бүгінде 30 млн адамға екпе егілген.

Айта кетейік, эпидахуал қауіпті аймақтардан келгендер карантинде отыруы мүмкін. Аймақтағы қоғамдық көліктер бірнеше рет зарарсыздандырылып отырады. Мамандар масканы дұрыс тағудың әрі жеке бас гигиенасының маңыздылығын ескертіп отыр. Дәрігерлердің ұсынысы жергілікті теларналарда да насихатталуда.