Үндістандағы мұздық көшкен ауданда құтқару жұмыстары жалғасып жатыр

 

Қазірге дейін 28 адамның өлі денесі табылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құтқарушылар марқұмдардың екеуін кеше кешкісін Чамолидің шеткі ауданынан тауып алды. Бірақ әлі 200-ге жуық адамның халі белгісіз. Іздестіру-құтқару жұмыстары күні-түні жалғасуда.

Ақпанның 7-інен кейін Чамоли округының тұрғындары атар таңды күн сайын үреймен қарсы алатын болды. Себебі мұнда күнде таңертең табиғат апаты кезінде із-түзсіз жоғалғандар туралы ақпар жарияланып тұрады. Өткен күні «Тапован» туннелінде жұмыс істеген тағы 2 жұмысшының денесі табылды. Мамандар мұздық көшкінінен туннель бірнеше секундтың ішінде құм мен тасқа толып қалғанын айтады. 

Рами Лахири, төтенше жағдайларда жедел әрекет ету күштері жасағының командирі:

– Қазір құтқарушылардың басты бөлігі Чамоли округіндегі іздестіру жұмыстарына жұмылдырылған. Қолда бар мәліметке қарағанда көшкін кезінде туннельде болған 50-ге жуық жұмысшы басылып қалған. Біз олармен байланыс орнатылмаса да тірі деп үміттенеміз. Бұған дейін өзге бір топ тағы бір жерде 15 адамды құтқарып алған еді.

Бүкіл Үндістанды дүрліктірген табиғат апаты ақпанның 7-сі күні Ганга өзені ағысының біріне жақын жерде болды. Таудан көшкен мұздық салынып жатқан электростанция бөгетін бұзып, қатты су тасқыны жүрді. Құтқарушылар бірнеше ауыл тұрғындарын әзер дегенде аман алып шықты. Бірақ апаттан 200-ден астам адам із-түзсіз жоғалып кетті. Қазірге дейін 28 адамның өлі денесі табылған. Іздестіру-құтқару жұмыстарын ұлттық жедел әрекет ету күштері мен жергілікті тұрғындар жүргізіп жатыр.

Кханэ Баллиш, Үндістан ұлттық жедел әрекет ету қызметінің психологы:

– Қазір апат кезінде жоғалып кеткен жұмысшыларды құтқарушылар белгілеген жерлерден іздестіріп жатырмыз. Апат ауданында жоғалып кеткен азаматтардың мыңдаған туысы мен достарына психолгиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Ал кеше Тривендра штатының үкімет басшысы Сигх Рават мәлімдеме жасап, жұмысшылардың туған туыстарын барлық жағдайға дайын болуға шақырды. Себебі билік апат ауданындағы жер бедерін сараптай келе із-түзсіз жоғалғандарды ендігі тірі табу екіталай дегенді айтады. 

Михаил Зейфман, Дмитрий Лукша, Анастасия Левитан және Устад Рахман

Сондай-ақ...