Түркия 2023 жылы Айға өз аппаратын ұшырмақ

Түркия ғарыш саласын дамыту шеңберінде 2023 жылы Айға өз аппаратын ұшырмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы осы елдің президенті Режеп Тайып Ердоған Ұлттық ғарыш бағдарламасын жариялау кезінде мәлімдеді. Анкара 10 жылдық жоба аясында өз мамандарын ғарышқа ұшырып, бәсекеге қабілетті жерсеріктерін жасауды жоспарлап отыр. Жалпы Түркия өзінің ғарыш агенттігін осыдан 3 жыл бұрын құрған. Бірақ кей сарапшы мемлекет экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқанда қомақты қаржыны бөлу дұрыс емес деп сынға алған еді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

– Біз бағдарламаның бірінші кезеңінде өзіміздің гибридтік зымыранымызбен айға қонамыз. Ал 2028 жылы жобаның екінші кезеңінде жер орбитасына шығу үшін өзіміз жасап шығарған зымыранды қолдануды жоспарлап отырмыз.

БАӘ ғарыш аппараты Марс орбитасына кірді

Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің «Үміт» деп аталатын ғарыш аппараты Марс орбитасына сәтті енді. Енді аппарат қызыл ғаламшар орбитасында атмосфераны зерттеумен айналысады. Зонд екі жыл бойы Марстың әр аймағындағы ауа райының жыл бойы қалай өзгеретінін зерттейді. Айта кетейік, «Үміт» ғарыш аппараты – Біріккен Араб Әмірліктерінің өздері жасап шығарған зонд. Ол былтыр шілде айында Жапониядан ұшырылған.