Қытайда 40 миллионнан астам халық вакцина салдырды

Қытайда коронавирустың жаңа түріне қарсы 40 миллионнан астам адам вакцина салдырды.

Бұл туралы Қытай Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.

Бірнеше вакцина әзірлеу бойынша сарапшылар комиссиясының жетекшісі, профессор Ван Гуйцянның айтуынша, науқастардың көбі індеттің сырт белгісі жоқ жеңіл түріне шалдыққан. Сондықтан олардың кеселін қарапайым әдіспен анықтау қиын. Ауру түпкілікті айқындалғанша науқастар басқаларға жұқтырып үлгіру қаупі жоғары. Сарапшы вакцина қабылдаған соң да сақтық шараларын қатаң ұстану қажеттігін ескертуде.

Ван Гуйцян, Бейжің университеті бірінші госпиталі жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі:

- Вакцинаның тиімділігі 80 процент болып, ұжымдық иммунитет қалыптасқанша халықтың 90 процентін егу керек. Сонда бізде ұжымдық иммунитет 70 процент деңгейінде болады. Осылайша вакциналаудан кейін жұқтыру ықтималдығы едәуір төмендейді, бірақ бұған толық сенуге болмайды. Бетперде киюді, қол жууды, ғимарат ішін желдетуді және әлеуметтік қашықтықты сақтауды жалғастыра берген дұрыс. Әдетте біз вакцинаның қорғаныс қасиеттерін бірнеше деңгейде зерттейміз.