Карантинді бұзғандар сотталуы мүмкін

Британияда карантин талаптарын бұзғандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Корольдік коронавирустың жаңа мутациялары тез тарап жатқан 33 елді «қызыл тізімге» енгізген. Ол мемлекеттерден келген азаматтар 10 күн қонақүйде карантинде болуы тиіс. Бірақ шығындардың бәрін мейманхана емес, өздері өтейді. Енді Ұлыбритания аумағына кіргенде азаматтар сол «қызыл тізімдегі» елде болғанын жасырса, бұл үшін қатаң жаза қолданылады. Тиісті ереже келесі аптада күшіне енеді.

Мэтт Хэнкок, Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі:

- Азаматтар Ұлыбританияға келмес бұрын 10 күн эпидемиологиялық ахуалы нашар елде болғанын анкетада жасырса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Билік карантин талаптарын бұзғандарға айыппұл мөлшерін де арттырды. Корольдікке келер алдында коронавирусқа тест тапсырмағандар бір мың фунт стерлинг төлейді. Бұл теңгеге шаққанда 580 мың шамасында. Карантиннен бас тартқандар бұл сомадан 5 есе көп төлеуге міндеттеледі. 

Мэтт Хэнкок, Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі:

- Карантин талаптарына бағынбайтындар тек өздерінің ғана емес, өзгелердің де денсаулығына қауіп төндіреді. Әуе және теміржол тасымалдаушылары жолаушыларға жаңа ережелерді бұзған жағдайда не күтіп тұрғанын түсіндіру керек.

Карантин ережелерін бақылау Францияда да күшейтілді. Мұнда комендаттық сағат талаптырына сай кешкі алтыдан кейін дүкендер, қоғамдық орындар жабылуы тиіс. Бірақ ережеге бәрі бірдей бағынбайды. Бір айда 2 миллионға жуық тексеру жүргізіліп, салдарынан 177 мың айыппұл жазылған.

Тексерулерге қарамастан елде заңсыз сауық кештерін өткізетіндер көбейген. Тамақтану орындары тұрақты клиенттері үшін жасырын түрде ашылып жатқан көрінеді. Парижде жыл басынан бері осындай 50 дерек анықталыпты.

Флоранс Адам, полицей:

- Бұған дейін біз түсіндіру жұмыстарымен шектеліп келдік. Қазір қатаң шаралар қабыладйтын кезеңге көштік. Өйткені эпидемиологиялық ахуалдың қандай екенін бәріміз де жақсы біліп отырмыз. Әркім өзі мен өзгелердің амандығы үшін карантин талаптарын сақтауға міндетті.

Чехиядағы эпидемиологиялық ахуал да мәз емес. Мейрамханалар мен дәмханалар қонақтарды қабылдай алмайды. Тамақты тек өзімен бірге әкетуге болады. Қонақ үйлерде жұмыс бабымен келгендер ғана тұрақтай алады. Бірақ соңғы апталарда тамақтану орындары қонақтарды, мейманханалар туристерді қабылдап, ережелерді бұза бастаған. Сондықтан билік қатаң шараға көшкен. Енді аталған мекемелер екінші мәрте ереже бұзса, бір жылға жұмыс істеу құқығынан айырылады. Билік карантин талаптарын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсіндірудің бұдан басқа амалы қалмағанын айтады.

Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Жаңбыршы, Самат Әубәкір