Афинада студенттер білім беру жүйесіндегі өзгерістерге қарсы ереуілге шықты

Грекияның Афина қаласында студенттер, мұғалімдер мен ата-аналардың қатысуымен ереуіл өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Синтагма алаңындағы Парламент ғимаратының алдында жиналған жұрт биліктің білім беру саясатына қарсылығын білдірген. Жаңа заңға сәйкес білім беру жүйесінде бірнеше өзгерістер қарастырылып жатыр. Наразылық акциясы тәртіпсіздікке ұласты. Халық полициямен қақтығысқа түскен. Ашуға бой алдырғандарды тарату үшін әскерилер көз жасаурататын газ қолданған. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, 20-дан астам адам қамауға алынды.

Айта кетейік, бүгінде Грекияда пандемияға байланысты ереуілдер мен шерулердің ұйымдастырылуына тыйым салынған.

Мирто Симеониду, студент:

- Университетке кіре алмай жүргенімізге бір жылдан асты. Үкімет жоғары оқу орындарының ашылуына мүдделі емес пе, көк тиын да жұмсайын деп тұрған жоқ. Ал, кампусты күзету үшін полиция қызметіне қазынадан 30 млн еуро төленбек. Біздер сол қаражатты жастардың білім сапасын арттыру үшін жұмсауды талап етеміз.