Грекиядағы мейрамханалардың 45%-ін банкрот күтіп тұр

Грекиядағы мейрамханалар мен дәмханалар үкіметтен қосымша көмек сұрап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Туризмге тәуелді елде 80 мың тамақтану орны өткен жылдың қыркүйегінде жарияланған локдаун кезінде жабылған. Осы бизнес нысандарында 350 мың адам жұмыс істеп келген. Карантин тұсында олардың аз ғана бөлігі індет жағдайына бейімделіп, жеткізу қызметін жолға қоя алған. Бірақ мамандардың пікірінше, мейрамханалар мен дәмханалардың 45%-ін банкрот күтіп тұр. Ел астанасы Афина мен басқа қалаларда наразылыққа шыққан кәсіпкерлер кеңселерінің кілтін жәшікке тастады. Әрі қарай оны бизнесмендер Премьер-министрге табыстап, биліктен қаржылай көмек сұрамақ.

Естеріңізге сала кетейік, Грекияда 9 ақпаннан бастап жаңа шектеу шаралары жарияланған болатын.

Джианнис Чатзитеодозиу, Афинадағы сауда палатасының президенті:

- Мейрамханалардың жабық тұрғанына бір жылдан асты. Кәсіби тұрғыдан да, жеке тұрғын ретінде де құрдымға кетіп барамыз. Бизнес саласы бір жұтым оттегі жетпей, өліп бара жатқан шарасыз адам сияқты. Үкімет тез арада қол ұшын созуы керек.