Танкер экипажының мүшелері төрт жыл бойы кемеде сүруге мәжбүр

Осымен 4 жыл қатарынан MT Iba танкері экипажының 5 мүшесі жағаға шықпай, кемеде сүруге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені екі жарым жылдай бұрын осы бір танкерге иелік ететін компания қаржылай қиындыққа тап болып, теңізшілерді сол күйі Парсы шығанағында тастап кеткен. Салдарынан Үндістан, Шри-Ланка, Мьянма мен Пәкістан азаматтары ішер ас пен киер киімсіз Біріккен Араб Әмірліктеріне жақын жерде қайырға соққан кемеде қалып қояды. Жан сауғалап жағаға түсейін десе, заңсыз мигрант ретінде қамауға алыну қаупі бар. Өйткені қолдарында виза жоқ. Ал төлқұжат компанияда. Қазір бұл іске қайырымдылық қорлары араша түсіп, жылдар бойы жақындарын көрмеген азаматтарға көмектесуге тырысып бағуда.