Украинада толассыз қардан көлік қозғалысы қиындады

Үш күн бойы толассыз жауған қардан кейін Украина қалалары және ел астанасында көлік кептелісі орын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көше тазалауға 500-ге жуық арнайы техника және 500-ден астам жұмысшы жұмылдырылды. Алайда коммуналдық қызмет қаланы қардан аршып үлгермей жатыр. Жұмыс баяу жүргендіктен, қаланың орталық көшесінде көлік кептелісі пайда болды. Оның үстіне жол көктайғақ. Киевте қоғамдық көлік қатынасы да қиындады. Көлік коллапсынан бөлек, тайғақтың кесірінен жол-көлік оқиғалары жиілеген. Қала әкімшілігінің ұйғарымы бойынша ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгін және ертең балабақша мен мектеп істемейді. Тек Киев қана емес, Украинаның өзге де облыстарында орта білім беру ордалары қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр. Украина метеорорлогтары алдағы аптада қардың 30-40 см-ге дейін қайта жауатынын айтады, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетпек. Сондықтан билік ел тұрғындарын жеке көліктен бас тартып, уақытша метро сияқты қоғамдық көлікпен қатынауын сұрайды.

Виталий Кличко, Киев қаласының мэрі:

- Көліктердің абай болғанын сұраймын, олар қар тазалаушы техникаларға көп кесірін тигізуде, көшелерде қалай болса солай қоя салады, салдарынан қар қалада жөнді тазаланбай жатыр. Қоғамдық көліктердің қызметі әлі қалпына келген жоқ, дегенмен, қаланы қар мен мұздан тазалауға күш жігерімізді жұмсайтын боламыз.