Германияда қатаң локдаун 7 наурызға дейін ұзартылды

Германия билігі корнавирусқа қарсы қатаң локдаунды наурыздың 7-сіне дейін созу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, карантин арқасында елде виусты жұқтырғандар саны едәуір азайған. Мысалы, желтоқсан айының соңында бір күнде 32 мың адам вирусты жұтырып антирекорд орнаса, қазір тәуліктік көрсеткіш 8 мыңға түскен. Нәтижесінде ауруханадалардағы интенсивті терапия бөлімдеріне салмақ азайған. Осы себепті 4 сағатқа созылған үкімет отырысында билік шектеулерді біртіндеп жеңілдетуді шешті. Оған сай наурыздың 1-інен бастап шаштараздар мен мектептер және балабақшалар ашылады. Бірақ салондар бетперде тағу мен әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтауы тиіс. Ал мектептер мен балабақшаларды ашу мәселесін әр аймақ өздері шешеді. Берлинде оқуды ақпанның 22-сінде бастау жоспарланған.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

- Біз індеттің үшінші толқынына тосқауыл қоюмыз керек. Ол үшін вирусты жұқтырғандар санын азайтуға күш салуға тиіспіз. Бұл Денсаулық сақтау министрлігіне жағдайды бақылауда ұстауына мүмкіндік беріп, шектеулерді жеңілдетуге де жол ашады. Дегенмен, ертеңді болжау қиын, вирус қалай өрбитінін қазір ешкім дөп басып айта алмайды.

Саясаткерлердің айтуынша, алғашқы жеңілдіктерден кейін азық-түліктен басқа дүкендерді де ашу қарастырылған. Бірақ мейрамханалар, театрлар, музейлер әзірге жабық болады. Үкіметтің індетпен күрес мәселесіне қатысты келесі отырысы наурыздың 3-іне жоспарланған. Егер осы уақытқа дейін эпиахуал тұрақталса, билік карантин шараларын одан әрі де жеңілдетуге ниетті.