419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістанда Нипах деген ауру кең етек жайып барады

  • 146
  • UPD: 14:24, 11.02.2021
Үндістанда Нипах деген ауру кең етек жайып барады

Коронавирус індетінен есеңгіреп қалған Үндістанда енді нипах деген ауру кең етек жайып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нью-Делиде бұл жаңа тіркелген ауру емес, десе де, өткен жылмен салыстырғанда биыл дертке шалдыққан жандардың саны артып барады. Ең сорақысы, мамандар індеттен келген өлім-жітім көрсеткіші 90% болғанын айтады.

Нипах ауруы 1998 жылдан бастап танылды. Бірнеше жылдың ішінде Азияның көптеген елінде жайылған инфекция, енді Үндістанда желше таралуда. Аты жаман ауру 2008 жылы өршіп бірнеше күннің ішінде ондаған үнді азаматының өмірін қиған еді. Елдің эпидемиолог мамандары індеттің бұлай ушығуы бұрын соңды болмағанын айтып, дабыл қағады. Айтуынша, бір тәуліктің ішінде инфекция шамамен 40 адамға дейін жұғып жатыр.

Шиха Мухеш, Нью-Дели денсаулық сақтау бөлімінің заңгері:

- 30 жылдық тарихы бар ауру әлі де толық зерттелмеген. Дәрігерлер тек аурудың ауыр ағымын жақсы біледі. Дертке шалдыққан адамның миы қабынып, ісуі мүмкін. Ауру көбінесе жануардың сілекейі жұққан жеміс-жидектер арқылы таралады. Инфекция көбінесе жарқанаттардан шығады. Ал, адамнан адамға ауру коронавирус сияқты оңай жұға қоймайды . Алайда жарқанаттағы вирус мутацияға ұшырауы да бек мүмкін.

Бұған дейін Нипах ауруы көбінесе экзотикалық ағаштар өсетін жерде таралатын. Енді ірі мегаполистерде де етек жайып барады. Науқастардың арасында жансақтау бөліміне түскендердің қарасы қалың. Ауру жұқтырғандардың нақты саны әзірге белгісіз. Мәселен дерттің алғашқы белгілері безгек, жапон энцефалиті немесе коронавирус сияқты өзге де сырқаттармен ұқсас келеді екен.

Балли Санлас, Нью-Дели қонақ үйінің менеджері:

- Дендеп бара жатқан вирус карантинді қайта қатаңдатады деп алаңдаймыз. Үндістандағы туризм саласы онсыз да қиын кезеңді бастан өткеруде. Енді елде екі бірдей вирус құтырса, шет елден келетін қонақтарды күтпеуге де болады деген сөз. Жергілікті билік әзірге бұл ауру жайында көп жариялап жатқан жоқ. Алайда аурудық кеңінен таралып бара жатқаны туралы ақпаратты жоққа да шығармайды.

Мамандар халыққа жеке бас гигиенасын сақтап, жеміс-жидекті мұқият жуып отыру керек деген кеңес берді. Сондай-ақ қоғамдық жерлерге және ауылды аймақтарға шықпауға шақырады. Кейбір мәлімет бойынша қазір Нью-Дели қаласында Нипахқа шалдыққан 120 адам бар. Ал провинцияда 30-дан 50-ге дейін науқас ауыр халде жатыр.

Авторлары: Михаил Зейфман, Дмитрий Лукша, Анастасия Левитан, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы