Кореяда Ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл басталды

Ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл мерекесін оңтүстік кореялықтар да атап өтуде. Осы жылы басты мейрамдардың бірін жергілікті жұрт өз үйлерінде отбасы мүшелерімен қарсы алуда.

Аймақта халықтың көп жиналуына себеп болатын іс-шаралар мен ойын сауықтардың ұйымдастырылуына тыйым салынды. Егер пандемияға дейін жаңа жыл мерекесі кезінде  елдің тас жолдарында жүру тегін болса, осы жолы бұрынғы тариф бойынша төлеу міндеттелді. Бұл халықтың қалааралық қозғалысын тежеу үшін жасалған.

Айта кетейік, қазір Сеул мен Кёнги провинциясында әлеуметтік арақашықтықтың соңғы деңгейі сақталған. Кафе мен мейрамханалар кешкі сағат 9-ға дейін ғана жұмыс істейді. Шектеу шаралары өзге өңірлерде де сақталған. Бір орында 4 адамнан артық жиналуға болмайды.

Ли Кван Хо, Корея этнографиялық мұражайдың басшысы:

- Жаңа жылдың басталуына бір күн қалғанда батпырауық ұшырамыз. Ол барлық жамандықты өзімен алып кетеді-мыс. Сиыр жылы отбасы үшін сәтті жыл болмақ. Ауыл шаруашылықта бұл жануардың пайдасы теңдессіз. Сиыр еңбекқор жануар деп те есептелінеді. Сондықтан  корей халқы оған отбасы мүшесі ретінде қарайды.