ДДСҰ Еуроодақтың алты елінде вакциналауды жүзеге асырады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуроодақтың 6 елінде вакциналау бағдарламасын жүзеге асырмақ ниетте.

Ұйым өкілдерінің мамандары індетті бақылауда ұстау үшін вирустың таралуына мүмкіндік бермей, вакцина өндірісінің көлемін арттыру керек дейді. Копенгагенде өткен онлайн брифингте Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймағы бюросының басшысы Ханс Клюгенің айтуынша екпені әлем елдеріне тең бөлу керек.

Ханс Клюге, ДДСҰ Еуропа аймағы бюросының басшысы:

- Еуропа аймағындағы 37 елдің 29-ында 7,8 млн адам вакцина қабылдады. Бұл аймақ халқының бір жарым проценті ғана деген сөз. Еуроодақпен бірлесе отырып Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Украина мен Молдова Республикасында вакциналау бағдарламасын қолға алмақпыз. Шараға 40 млн еуро жұмсалмақ. Бұл халықаралық  COVAX бағдарламасының жұмысына да оң ықпалын тигізеді. 

Бүгінде мамандар вирустың оңтүстік африкалық штамына қарсы Оксфордтың AstraZeneca препараты қаншалықты тиімді екенін анықтау үшін толық зерттеу жұмыстарын жүргізу керек дейді. 

Ханс Клюге, ДДСҰ Еуропа аймағы бюросының басшысы:

- Вирустың кей түрі алаңдатады. AstraZeneca -ның жаңа штамдарға қарсы қаншалықты тиімді екені білу бәрімізге де маңызды. Індеттің кәрі құрлықта анықталғанына қарамастан оның таралмауы үшін бар күшімізді салуымыз керек. 

Қазір Еуропа бойынша бір аптада 1 млн жуық адам вирусқа шалдығады. Мамандар кей өңірде індет бәсеңдегенімен босаңсуға әлі ерте дейді. Мәселен, соңғы бір тәуліктің ішінде 40 мемлекетте ковид жұқтырған 3 мың 610 адам жан тапсырды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мемлекет басшыларын шектеу шараларын тым ерте жеңілдетуден аулақ болуға үндейді.