Еуропада ковид-құжатты енгізу қызу талқыланып жатыр

Еуропа ковид-төлқұжат енгізу мәселесін қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәрі құрлықта бірқатар мемлекет адамдардың коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанын көрсететін электрондық паспортты жасауға кірісіп те кеткен. Бірнеше апта бұрын мұндай құжатты Швеция, Дания енгізетінін мәлімдесе, енді Венгрия қосылды.

Венгрия вакциналық паспортты коронавирусқа қарсы екпенің 2 дозасын алған және дерттен емделіп шыққан азаматтарға бермек. Антиденеге тест тапсырған тұрғындардың да осындай құжат алуға құқығы болады. Егер адам үйінде емделіп жазылған болса, құжатқа ПТР-тест нәтижесі енгізіледі. Билік бұл індетті бақылауға көмектесетінін айтады.

Гергей Гуйаш, Венгрия премьер-министрі әкімшілігінің басшысы:

- Мұндай құжатты енгізу халықтың қалыпты өмірге тезірек оралуына көмектеседі. Бірақ үкімет оларды алған адамдардың қандай артықшылықтары болатыны әлі талқылану үстінде.

Бұған дейін адамның егілгені жайлы цифрлық құжатты Дания мен Швеция билігі де егізетінінн жариялаған. Дания оны бір айдан кейін қолдана бастауды көздесе, Швеция паспортты жазға таман енгізбек. Данияда алғашқы кезде құжатта тек адамның егілгені көрсетілсе, кейін антиденеге тест тапсырғаны жайлы да ақпарат енгізіледі. «Бұл адамдардың алаңсыз саяхаттауына мүмкіндік береді», - дейді билік өкілдері

Мортен Боедсков, Дания қаржы министрі:

- Үкімет пен бизнес қауымдастығы «Корона» деп аталатын цифрлық паспорт жасау туралы келісімге келді. Бастамамыздың алғашқы нәтижесін осы айда көресіздер. Вакцина салдырған азамат жайлы ақпарат арнайы сайтта жазылып тұрады. Кейінірек ол цифрлы төлқұжат түрінде қолданылатын болады.

Еуроодақ та Грекия бастамасымен осындай электрондық ортақ құжат енгізуге келісті. Ұйымға мүше елдер әзірге екпені салдырғаны жайлы цфирлық ақпаратты медициналық мақсатта пайдаланбақ. Бірақ кейін одақ аймағына ену үшін осындай құжат көрсету талап етілуі мүмкін.

Шарль Мишель, Еурокеңес төрағасы:

- Біз вакциналауды сертификаттау мәселесін талқыладық. құжатты әзірге медициналық мақсатта пайдалануға болады дп ойлаймыз. Кейін оны тағы қандай жағдайда қолдануға болатынын қарастырамыз.

Бірақ мұндай құжатты енгізу бастамасы кей мемлкеттер мен ұйымдардың қарсылығына тап болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шекарадан өту кезінде ковид-паспортты талап ету дұрыс емес дегенді айтады. Ал Ұлыбритания «бұл адамдар арасында кемсітушілікті күшейтеді» дейді.

Надим Захави, Ұлыбритания бизнес, энергетика және өнеркәсіп стратегиясы министрінің орынбасары:

- Біріншіден, біз вакцина вирус жұқтыру деңгейіне қалай әсер ететінін әлі білмейміз. Екіншіден, бұл адамдар арасында кемсітушілікке әкелуі мүмкін. Біз халық екпені құжат алу үшін емес, дерттен қорғану үшін салдыратынын ескеруіміз керек.

Әлемде екпе алғаны жөніндегі цифрлық төлқұжатты енгізуге қатысты әлі ортақ шешім жоқ. Бірақ әлемдік тәжірибеде кей екпеге қатысты осындай паспорт қолданылып келе жатқанына ондаған жыл болды. Сондықтан келешекте адамдар саяхатқа тағы бір электрондық құжатпен шығуы әбден мүмкін.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Алма Серікбаева

Сондай-ақ...