Германия көрші елдермен шекарасын жабады

Чехия, Словакияны Германия билігі коронавирустың жаңа мутацияларына байланысты қауіпті аймаққа жатқызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл өңірлерден келгендерге ел аумағына өтуге болмайды.

Айта кетейік, мұндай ереженің неміс азаматтары мен транзитті жолаушыларға қатысы жоқ. Биліктің бұлай шешуі бекер емес. Өйткені вирусты жұқтыру деректері азая бастаған. Ал көрші елдерде керісінше, жаңа мутацияға қатысты жағдай күрделі. Мәселен, Чехияда британдық штамм, ал Австрияның Тироль федералдық жерінде вирустың африкалық түрі тез тарауда. Германияның өзінде эпидемиялық ахуалдың жақсаруына байланысты мектептер мен шаштараздар ашылатын болды. Артынша дүкендер мен сауда орталықтарының қызметіне рұқсат берілуі тиіс.

Йенс Шпан, Германия денсаулық сақтау министрі:

– Науқастар саны айтарлықтай азайып келеді. Сондықтан шектеу шараларын жеңілдете бастаймыз. Бірақ босаңсуға болмайды. Вирустың сырттан келуіне жол бермеуіміз керек. Сондықтан шекарадағы бақылауды күшейтеміз. Сөйтіп Чехия, Австрия мен Словакияны қауіпті аймақ деп жарияладық. Бұл елдерден шекара асуға рұқсат берілген азаматтар коронавирусқа тест тапсырып, карантинге жіберіледі.

Жалпы Еуроодақ бойынша қазір 6 мемлекет «қауіпті аймаққа» кіріп отыр. Сондықтан неміс билігі жаңа мутациялардың алдын алу үшін Франция және Люксембургпен арадағы шекарасын жабу мүмкіндігін жоққа шығармайды.