Д.Байден Д.Ассанждың АҚШ-қа экстрадициялануын талап етуде

Ақ үй WikiLeaks құрылтайшысы Джулиан Ассанждың Ұлыбританиядан АҚШ-қа экстрадициялануын талап етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Американың әділет министрлігіне сілтеме жасай отырып, New York Times басылымы хабарлады. Оның мәліметі бойынша, осы аптада Ассанждың Құрама Штаттарға берілуіне қатысты Лондон сотына тиісті шағым жіберілген көрінеді.

Айта кетейік, қаңтардың басында Вестминстер соты Ассанжды экстрадициялаудан бас тартқан еді. Оған сотталушының психикалық денсаулығына қатысты қауіп-күдіктер себеп болды. Егер Ассанж Америкаға берілсе, ол 175 жылға түрмеге қамалуы мүмкін. Өйткені ол құпия құжаттарды заңсыз жариялады деп айыпталған болатын.