419,41 505.95 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысындағы білім бөлімдері енді жергілікті әкімдікке бағынбайды

  • 123
  • UPD: 16:55, 14.02.2021

Қызылорда өңірінде жалпы орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын басқарудың жаңа форматы қолданысқа енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аудандық және қалалық білім бөлімдері енді жергілікті әкімдікке бағынбайды. Аймақтағы мыңнан астам мектеп пен балабақшаның жұмысын үйлестіруді бір басқармаға жүктегеннен ұтарымыз не?

Соңғы үлгідегі оқу құралдарымен жарақтанып, озық құрылғылармен жабдықтау өңірдегі әр мектептің жоспарында бар. Бірақ оған барлығының қолы жете бермейді. Жаңа жүйе бойынша материалдық-техникалық базаны жаңартып қана қоймай, білім ұясының кем-кетігін бүтіндеуге де мүмкіндік болатын көрінеді.

Қарлығаш Әбдірахманова, №261 мектептің директоры:

- Мектеп алдына бордюр, брусчатка төселініп, кафельденді. Ал енді биылғы оқу жылында футбол алаңын, балаларға ойын алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Ең тиімдісі, саған не қажет, соны алуға үлкен мүмкіндік.

Бұған дейін мектеп директорларын жергілікті әкімдер тағайындайтын. Сондықтан ағарту саласына мүлде қатысы жоқ адамдардың білім нысандарын басқаруға бекітіліп кететін кездер болғаны рас. Енді вертикалды жүйе бойынша ондайларға орын жоқ.

Ақзира Қасымова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Бұрын мысалға әкімдікте, басқа салада жұмыс істеген кісілер мектеп басшылығына келіп жататын. Ал қазіргі таңда соңғы 2 жылда міндетті түрде білім саласында істеу қажет деген нақты талап қойылған. Яғни, соңғы уақыттарда педагогика саласымен айналысқан маман келу қажет.

Ернат Алпысбаев, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Қаржыландыруды жүзеге асыру, штаттық тарификацияларды бекіту, қаржылық жоспарға өзгеріс енгізуге облыста автоматтандырылған жүйе құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жүйе әр мекеменің қаржы қозғалысына және атқарылуына тікелей басқарма арқылы қадағалау жүргізуге мүмкіндік береді. Ашық бюджет порталы арқылы әр мекеменің қанша қаржысы бар, жылдық қаржысы қанша екенін қарауға кез келген тұрғынның қарауына мүмкіндік туады. 

Жалпы басқарудың вертикалды форматын енгізу арқылы облыстық білім басқармасына 28 жаңа функция қосылып отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы