Германияда халықтың 3% вакцинаның алғашқы дозасын қабылдады

Бүгінге дейін Германия халқының 3 процентінен астамы коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын қабылдаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл шамамен 2 миллион 636 мың адам. Ал екпенің екі дозасын да салдырғандар саны әзірге бұдан екі есе кем. Олардың қатарында созылмалы ауруы бар азаматтар, 80-нен асқан кісілер мен медицина мамандары бар. Өйткені осы санаттағылар осал топқа жатады. Жалпы, жергілікті билік елдегі вакциналау науқанының баяу жүріп жатқанын мойындайды. Германия қазір Дания, Литва, Испания мен Польша елдерінен артта келеді. Қарқынды үдете түсу үшін енді немістің Байонтек компаниясы Марбург қаласында тағы бір фабриканы іске қоспақ. Осылайша ол алғашқы жартыжылдықта қосымша 250 миллион вакцина дозасын шығаруды көздейді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта неміс азаматтарына үш түрлі препарат егіліп жатыр. Олар: BioNTech пен Pfizer өнімі, Moderna мен AstraZeneca препараттары.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Вакциналау науқанының алғашқы апталарында препарат саны өте аз болды. Мұндай жағдайдан көп азаматтың көңілі қалды. Біз де вакцинаның бастапқыда бәріне бірдей жетпейтінін айтып, түсіндірмедік. Өз басым ковидке қарсы препараттың өте қысқа мерзімде пайда болуын керемет жаңалық деп есептеймін.  Бүгінде бүкіл Германия бойынша ірі екпе егу орталықтары бар. Олар наурыздың соңы, сәуірдің басында толық қуатта жұмыс істей бастайды.