Еурокомиссия: Шекараны шегелеу вирусты тоқтатпайды

Еуроодақ билігі коронавирустың жаңа штамдарына қарамастан шекараны жаппауға шақырды. Ұйымның Денсаулық сақтау бойынша еурокомиссары Стелла Кириакидес мұндай шара індетпен күресте тиімсіз дейді. Шенеунік адамдарды жаңа штамдардан тек екпе мен сақтық шараларын орындау арқылы ғана қорғауға болатын айтады. 

Алайда Германия билігі жаңа штамдардың таралуының тоқтату үшін көрші Чехия мен  Австрияның Тироль аймағымен шекараны қатаңдатты. Шектеулер жексенбіден бастап күшіне енді. Шараны бақылау үшін шекараға мыңға жуық полицей орналастырылды. Ел аумағына тек үйіне оралған тұрғындар мен дәрігерлер сынды аса қажетті мамандық иелеріне ғана кіруге рұқсат. Бірақ шекарадан өтетін адамдардың ПТР-тесті болуы тиіс.

Маркус Зедер, Бавария аймағының басшысы:

- Көрші елдер коронавирустың жаңа штамдарының таралуына мән бермесе салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан шекарадағы бақылауды күшейттік. Бірақ ол жақтан келетіназаматтарды өткізе береміз. Тек шекарада қатаң бақылау мен тексеруден өтеді.  

Ал Ұлыбритания шетелдіктерге қатысты карантиндік шараларды қатаңдатты. Енді корольдік аумағына енген өзге елдердің азаматтары 10 күндік оқшаулаудан бөлек 2 рет вирусқа қарсы ПТР-тест тапсыруы тиіс. Әуежайда ПТР-тесті болмаған азаматтарға 1 мың фунт стерлинг айыппұл салынады. Ал оқшаулану бітер кезде қайта тексеруден өтпегендер 2 мың фунт стерлинг төлеп, тағы 2 апатаға карантинге жабылады.