Каталонияның дербестігін қолдаушылар сайлауда жеңіске жетті

Испаниядан бөлінуді қолдайтын 3 партия Каталония парламентінде басымдыққа ие болды. Жексенбіде өткен сайлаудың алдын ала нәтижесі осылай дейді.

Олар 135 орынның 73-іне қол жеткізген. Арасында «Каталонияның солшыл республикашылдары» партиясы бар. Оның жетекшісі 2017 жылы тәуелсіздік туралы референдумды ұйымдастырғаны үшін 13 жылға сотталған. Сондай-ақ парламентке «Каталония үшін бірге» партиясы да келіп жатыр. Бұл қозғалысты елден қашып кеткен, аймақтың бұрынғы басшысы Карлес Пучдемон қолдайды.

Сарапшылардың айтуынша, сайлауға қатысу деңгейі коронавирус індетіне байланысты тек 53 процентті құраған. 2017 жылы бұдан 26 процентке көбірек болған еді.

Пере Арагонес, «Каталонияның солшыл республикашылдары» партиясынан үміткер:

- Отырып, дұрыстап сөйлесейік. Еуропалық билік басшыларына сәлем жолдағым келеді: нәтиже айқын. Тәуелсіздікті жақтайтын партиялар басымдыққа иеміз. Дауыстың 50 процентінен астамын біз алдық. Каталония халқы өз еркін білдірді. Тәуелсіздік туралы референдум жайын нақты сөйлесетін уақыт келді.