Пандемия салдарынан дүниежүзілік экономика 4%-ке құлдырады

Коронавирус пандемиясының салдарынан әлем экономикасы әлі де құлдырап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатаң шектеу шараларының кесірінен дүниежүзілік экономика 4%-ке құлдырады. Бұл жұмыс орындары мен өндіріс көлемінің қысқаруына әкеп соқты. Дағдарыстың зардабын қарапайым халық та, қалталы миллиардерлер де сезіп жатыр.

Бүгінде әлем елдері экономикасына қан жүгірту үшін қомақты қаржы бөліп, импорт пен экспорт көлемін арттыра бастады.

***

Пандемия салдарынан Ұлыбритания экономикасы құлдырады  

Ұлыбритания экономикасы COVID-19 індетінің салдарынан айтарлықтай тәлтіректеп қалды. Біріккен Корольдіктің қаржы министрі 2020 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 9,9%-ке құлдырағанын айтады. Пандемияның кесірінен әсіресе, өндіріс саласы соңғы 300 жылда ең қиын кезеңге тап болған. Жергілікті билік жұмыс орындары мен кәсіпкерлердің тіршілігін сақтап қалу үшін бар күшін салып жатыр. Сарапшылар ел экономикасы биыл ес жия бастайтынына сенімді. Ал, Англия банкі экономика бірінші тоқсанда 4%-ке құлдырайды деп топшылайды. «Бұған жаңа шектеу шаралары себеп», - дейді мамандар. Қаржыгерлер «вакцинация науқаны бір ізге түскен соң экономикалық жағдай 2022 жылы ғана оңалуы мүмкін», дейді.

Риши Сунак, Ұлыбританияның қаржы министрі:

- Сандарға назар аударсақ, былтыр Ұлыбританияның экономикасы қаншалықты қиналғанын көріп тұрмыз. Бүгінде тұрғындарды жұмыспен қамту үшін барынша тырысып жатырмыз. Арнайы бағдарлама әзірленді. Әрине, Еуроодақтан бөлінгенде бірақ қиыншылық болды. Алайда жақын арада Брекситтің пайдасын көретінімізге сенімдімін.

***

COVID-19 Еуроодақ экономикасын тұралатты

Еуроаймақ экономикасы 2021 жылдың бірінші тоқсанында бұған дейінгі кезеңмен салыстырғанда 0,9%-ке құлдырады. Мамандардың болжауынша, көктемде жағдай тұрақтала бастайды. Аймақтың 19 елінде жалпы ішкі өнім орта есеппен 3,8%-ке артпақ. Өсім бірқалыпты болса, 2022 жылы аймақ экономикасы пандемияға дейінгі жағдайға қайта оралуы ықтимал. Мұндай жорамалға аймақтағы вакцинация науқаны демеу болып тұр. Мәселен халыққа неғұрлым көп екпе егілсе, одақ елдеріндегі шектеу шаралары соғұрлым жеңілдей бастайды. Дегенмен, қаржыгерлер аймақтағы жұмыссыздық мәселесі оңайлықпен шешіле қоймайтынын айтып отыр.

Паоло Джентилони, Еурокомиссар:

- Еуроодақ экономикасы тез арада қалпына келетініне үлкен үміт бар. Мәселен коронавирусқа қарсы вакцина қолданысқа енгізіле бастады. Ең бастысы, өндіріс жағын барынша ұлғайтуымыз керек. Ал, жұмыссыздық мәселесінің шешілуі оңай болмайды.

***

Пандемия Таиланд экономикасын әлсіретті

Індеттің кең етек жаюы Таиланд экономикасына да кері әсерін тигізді. Елдегі экспорт көлемі 21%-ке, ал импорт 7%-ке қысқарды. Бұндай жағдай 1998 жылдан бері алғаш рет болып отыр. Егер 2019 жылда елдің жалпы ішкі өнімі 2,3%-ке құлдыраса, өткен жылы бұл көрсеткіш 6%-тен асқан. Ал, экономикалық іргетасы мықты Жапония 2009 жылдан бері алғаш рет қаржылық қиыншылыққа тап болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Күншығыс елінің экономикасы 4,8%-ке құлдырады. Енді ахуалдың жақсаруына экпорттан келген табыс өз үлесін қосады.

***

Ресейде жұмыссыздық артуы мүмкін  

Ал, Ресейде келесі айда жұмыссыздық артуы мүмкін. Өйткені наурызда фирмаларға қызметкерлерін жұмыстан шығаруға тыйым салатын мемлекеттік бағдарлама аяқталады. Елдегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарының біразы жабылып қалуы мүмкін. Салдарынан миллондаған адам нәпақасынан айырылып қалмақ.