Қалың қар мен аяз мәскеуліктерді әбігерге салды

Мәскеуде коммуналдық қызметкерлер қалың қармен әлек болып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тазалау жұмыстарына 70 мыңға жуық адам жұмылдырылып, 14 мың техника тартылған. Қармен бірге қатты аяз да болуы мүмкін. Нидерландқа да соңғы он жылда болмаған қатты аяз келді. Ал, Стамбұлда ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгін оқушылар сабаққа бармады.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Мәскеуде қауіптіліктің жоғары деңгейі жарияланды. Оған аномальды суық ауа райы себеп. Синоптиктер бүгін түнде қалада температура минус 26 градусқа дейін төмендейтінін болжап отыр. Мамандар «бұл ақпанның ортасы үшін қалыпты көрсеткіш емес» дейді. Мәскеу жұртын аяздан бөлек қалың қар да әбігерге салды. Шаһарда метеобақылау 1879 жылдан бері жүргізіліп келеді. 142 жылда ең көп жауған қардың қалыңдығы 60 сантиметр болған екен. Бұл жолғы көрсеткіш метеобақылау тарихындағы рекордқа бір сантиметр ғана жетпей қалды. Қазір коммуналдық қызмет күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. «Қар күреу үшін әлі бірнеше күн керек», - дейді мамандар.

Блиц 1:

- Қызметкерлеріміз ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Қазір біз шықсақ, түнде басқа ауысым келеді. Бәріміз бірге әрекет етіп, Мәскеу билігіне қар күреуге көмектесіп жатырмыз.

Блиц 2:

- Қалың қарға байланысты жоспарымды өзгерткен жоқпын. Өйткені синоптиктер ескерту жасады. Әрине, қатынау қиындаған. Сыртқа шыққың да келмейді. Алайда жылы киініп алып, серуендеуге болады.

Нидерландта да күн суытқан. Мұнда соңғы 10 жылда болмаған аяз тіркелді. Бірақ қамығып жатқан тұғындар жоқ. Өйткені Амстердамдағы каналдың бетін мұз басқан. Мұндай жағдай соңғы рет 3 жыл бұрын болған екен. Тұрғындар коньки теуіп, көңіл көтеріп жүр. Бәрінің ойы – үлгеріп қалу. Өйткені синоптиктер күн жылынатынын болжап отыр.

Блиц 1:

- Мұндай жағдай жыл сайын бола бермейді. Сондықтан мүмкіндік барда көңіл көтерген дұрыс деп ойлаймын.

Блиц 2:

- Негізі мен Финляндияда туып-өскем. Коньки тебу біздің қанымызда бар.

Түркияның Стамбұл қаласында қар көп жауып, салдарынан білім беру мекемелері жабылды. Қармен қоса қатты жел соққан. Сәрсенбіге дейін оқушылар мен студенттер үйде қалады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты су көліктерінің қозғалысы да уақытша тоқтады. Синоптиктер қар әлі басылмайтынын айтады. Сол себепті билік тұрғындарды абай болуға шақырып отыр.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Зәуреш Байгелова