Оңтүстік Кореяда әзірге қарттарға коронавирусқа қарсы вакцина салынбайды

Өйткені билік «AstraZeneca препаратының егде жастағылар үшін тиімділігін растайтын ақпарат аз» дейді.

Кореяда жаппай вакциналау 26 ақпанда басталуы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екпеге британ-швед компаниясының AstraZeneca препараты қолданылады. Ең алдымен медицина қызметкерлері, оңалту орталықтары мен қарттар үйіндегі жандарға салынады. Алайда енді жасы 65-тен асқан тұрғындар екпені алмайды. Бұған дейін Германия және Франция билігі де AstraZeneca препаратына қатысты күмән білдірген. Екі мемлекетте де осы өндірушінің екпесін жасы 65-тен аспаған тұрғындарға ғана салуға рұқсат берілді. Оңтүстік Африка Республикасы мен Швейцарияда бұл вакцинаны әзірге қолданбау туралы шешім қабылданды.

Чжон Ен Кин, Оңтүстік Корея ауруларды бақылау және алдын алу орталығының директоры:

- Біз жасы 65-тен асқандарға екпе салу жұмыстарын кейінге шегеру шешімін қабылдадық. Өйткені вакцинаның тиімділігіне қатысты қарама-қайшы пікірлер айтылып жатыр. Бұл мәселе бойынша шешім наурызда қабылдануы тиіс.