Римдегі атақты Парко-делла-Музика концерт залы вакциналау орталығына айналды

Римдегі атақты Парко-делла-Музика концерт залы вакциналау орталығына айналды
Турнавигатор

Енді мұнда жасы 80-нен асқан тұрғындарға екпе салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биліктің концерт залын таңдауы бекер емес. Біріншіден, бұл орын шектеулерге байланысты бірнеше ай жұмыс істемей тұр. Екіншіден, ғимараттың іші үлкен. Яғни арбамен қозғалатын жандар үшін ыңғайлы. Негізі концерт залындағы вакциналау орталығы ашылған алғашқы күні мұнда 180-ге жуық зейнеткерге екпе салынған. Олардың қатарында биыл жазда жүзге келетін қария да бар.

Джанфранко Якобаччи, Рим тұрғыны:

– Менің жасым 99-да. Бірақ өзімді әлі жас жігіттей сезінемін. Қыздарға қараймын. Негізі 22 шілдеде 100-ге толамын.

Бұған дейін осы Рим билігі қаладағы халықаралық әуежайдың көлік тұрағында екпе жасату орталығын ашқан. Негізі қазір әлемнің көп елінде осындай орындар ашылып жатыр. Мәселен, Бразилияда карнавалдар өтетін самба-дром вакциналау бекетіне айналған. Ұлыбританияда Солсбери шіркеуінде де осындай орын ашылған. Ал Швецияда қазір тұрғындар Нобель сыйлығын табыстау рәсіміне орай банкет өтетін залда екпе салдырып жатыр.