Израиль коронавирусты жеңе бастады

Израиль вакцинаның арқасында алдағы айларда коронавирус індетін жеңіп шығатына сенімді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде вакцинаның екі дозасын халықтың 30 проценті алып үлгерген. Нәтижесінде Үкімет карантин шектеулерін біртіндеп алуға көшті.

Израиль билігі індетпен күресте жеткен жетістіктерін мақтаныш сезіммен айта бастады. Себебі елде вирусты жұқтырғандар саны төмендеп келеді. Әсіресе вакцинаның 2 дозасын алғандар арасында дертке шалдыққандар тіркелмеген. Әрі олар жасы 60-тан асқан қарттар және індет жұқтыру қауіпі жоғары топтарға жататын азаматтар.

Юлий Эдельштейн, Израиль денсаулық сақтау министрі:

– Өз басым барлық халықты екпе салдыруға шақырамын. Оның пайдалы екенін қалай айтып жеткізуге болады. Мысалы, біз індеттің таралуының төмендеуіне қол жеткізіп, дағдарыстан шыға бастадық. Демек эпидемияны толық жеңу біздің вакцина салдырумызға байланысты.

Бәлкім толық жеңіс деуге әлі ерте шығар, дегенмен індетті толық тоқтатуға деген сенім артты. Елде өлім-жітім азайды. Вацинаны бірінші болып салдырған дәріргерлер арасында вирусты жұқтыру тоқтады. Екпені жасы 16-дан асқан кез келген азаматтың ала алуы үшін барлық шектеу алынып тасталды. Вакцинаның пайдасы жайлы түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді.

Израиль екпе арқасында карантин шектеулерін де біртіндеп ала бастады. Адамдардың жүріп-тұруына салынған тыйымдар жойылып, қонаққа баруына рұқсат етілді. Бала бақшалар мен бастауыш сыныптар ашылды. Кей өнеркәсіптер жұмысын қайта жалғастыра бастады. Әскери барлау сарапшылары егер қазіргідей үрдіс сақталса, көктем ортасына қарай Израиль эпидемияны жеңген бірінші мемлекет болады деп отыр.

Сергей Ауслендер