Британияда карантиндік қонақүйлер ашылды

Ұлыбританияда карантиндік қонақүйлер жұмысын бастады. Бүкіл ел бойынша олардың саны 20-ға жуық.

Жергілікті билік эпидемиологиялық ахуалы нашар 33 елдің тізімін жасаған. Осы мемлекеттерден келген азаматтар 10 күн қонақүйде карантинде болуы тиіс. Бірақ бүкіл шығынды өздері өтейді. Сонда тест тапсыру ақысын қоса есептегенде әр келуші шамамен 1750 фунт стерлинг төлеуге міндетті. Бұл теңгеге шаққанда бір миллионнан асады. Сонымен қоса Ұлыбританияға келушілер соңғы 10 күн ішінде осы «қызыл тізімдегі» елде болғанын жасырса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Билік осындай шаралардың арқасында коронавирустың жаңа мутацияларының тез тарауына жол бермеуді көздеп отыр.

Винсент Мэдден, қонақүйдің басқарушы директоры:

- Біз меймандарға күніне бірнеше мәрте қоңырау шалып, хал-жағдайын біліп отырамыз. Сондай-ақ арнайы мамандар да болады. Олар карантиндегі азаматтардың психологиялық жағдайын біліп отырады. Қонақүй аумағына тек қызметкерлер ғана өте алады. Олар күнделікті коронавирусқа тест тапсырады.