Әлемде коронавирус жұқтыру екі есеге қысқарды

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының басшысы әлемде коронавирус індетін жұқтырғандар саны соңғы бес аптадан бері азайып жатқанын айтады. Жыл басынан бері ауру жұқтыру екі есе қысқарған. Бірақ жер жаһанды вирустың жаңа штамдары жайлап барады.

Әлемде коронавирус індетіне шалдыққандар саны кешеден бері 300 мың адамға жетті. Бұл соңғы төрт айда тіркелген ең төменгі көрсеткіш. Биыл бір аптада ауру жұқтырғандар саны екі есе кысқарған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы мұндай нәтиже вакциналау науқанының басталуы мен қарапайым санитарлық ережелердің арқасы дейді. 

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:

- Індеттің ілмегіне іліккендердің қатары 5 аптадан бері азайып келеді. Егер өткен жылдың соңында аптасына 5 млн адам вирус жұқтырса, қаңтар айының басында 2 млн 600 мың адам ковидке шалдыққан. Бұл өте жақсы көрсеткіш.

Індеттің бәсеңдеуі Үндістанда да байқалады. Мұндай өзгеріске әлемдік сарапшылардың өздері аң-таң. Егер вирус ушыққан кезде ел бойынша тәулігіне 100 мың науқас анықталса, қыркүйектен бері аймақтағы дімкәс жандардың қатары бірнеше есе қысқарған. Енді  бір күнде 11 мың адам вирус жұқтырып жатыр. Ғалымдар елдің барлық өңірінде аурудың күрт төмендеуіне ұжымдық иммунитеттің пайда болуы себеп дейді. Халықтың жаппай маска тағуы да өз септігін тигізген. Мамандар аймақтағы эпид ахуалдың жақсарғанымен арқаны кеңге салуға ерте екенін ескертеді. Мәселен, жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде вирусқа шалдыққан адам індетті қайта жұқтыруы әбден мүмкін.

Сринат Редди, әлеуметтік денсаулық сақтау қорының басшысы:

- Иә, денсаулық сақтау саласының жұмысы едәуір жеңілдеді. Жағдайдың қыркүйек айынан бері тұрақтала бастағанын көріп тұрмыз. Алайда ұжымдық иммунитеттің пайда болғаны жайында сеніммен айта алмаймыз. Сондықтан босаңсуға ерте. Қауіп әлі де жоғары. Мәселен, инфекцияның мутацияға ушырауы жиі тіркеліп жатыр. Сондықтан барынша сақ болуымыз керек.

Италиядағы эпидемиологиялық ахуал да жергілікті тұрғындарды қуантып жатыр. Елдің денсаулық сақтау министрлігі бір күнде орта есеппен 400 мыңға жуық тұрғын коронавирус жұқтырғанын айтады. Бұл қараша айынан бергі ең төмен көрсеткіш.

Бірақ кәрі құрлықта коронавирустың оңтүстік африкалық штаммы жылдам тарап барады. Науқастар әсіресе Францияда жиі анықталып жатыр. Жуырда Ұлыбританияда вирустың бұрын кездеспеген жаңа түрі тағы шықты. Енді мамандар қолда бар вакцинаның бұл штамдарға қарсы тиімділігіне күмәнмен қарай бастады.

Сондай-ақ...