414,77 504.70 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Чехияда коронавирус қайта өршіді

  • 64
  • UPD: 10:43, 17.02.2021

Өткен аптада ғана билік эпидемиологиялық ахуал жақсарды деп мәлімдеген еді, бірақ бүгін төтенше жағдай режимін кемінде ақпан айының соңына дейін қайта ұзартты.

Алайда бұл жолы біраз түзету енгізілді.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Бұған дейін Чехия үкіметі қабылдаған шаралар еш нәтиже бермеді. Мұны Денсаулық сақтау министрі Ян Блатный ашық айтты. Осыдан кейін төтенше жағдай бірден ұзартылды. Мұнда қарапайым тұрғындардың да кінәсі бар. Карантиннен мезі болған чехтар ережелерді қасақана жиі бұзған. Немқұрайлылық соңы коронавирустың түпнұсқа түрінен де қатерлі британиялық штамның кеңінен таралуына әкелді. Алдын ала зерттеу нәтижесі бойынша британиялық мутацияға шалдыққандар жалпы жұқтырғандардың 10%-ін құрап отыр. Тіпті науқастар қатары кейбір аймақта 50%-ке жеткен.

Мартин Дейгал, дәрігер-эпидемиолог:

- Британиялық штамм көп ұзамай негізгі таратушыға айналмақ. Ащы да болса шындық осы. Бұл мутация COVID-19-дан бірнеше есе қауіпті. Билік жағдайды уысынан шығарып алды. Мұның салдары өте қорқынышты болады. Ауруханалар лық толы. Басқа ауруы бар науқастардың назардан тыс қалғанына 1 жылдан асты. Олар жүз мыңдап саналады.

Жағдайды реттеу үшін шенеуніктерге кемінде 2 апта мүмкіндік берілді. Бірақ парламент төтенше жағдайды наурызда да ұзартуы мүмкін деген болжам бар. Әзірге чехтарға кешкі 21:00-ден таңғы 05:00-ге дейін көшеге шығуға болмайды. Көптеген дүкендер, спорт залдары мен бассейндер, сондай-ақ кинотеатрлар, ботаникалық бақтар мен музейлер жабық. Мейрамханалар тамақ пен сусынды тек арнайы терезе арқылы ғана сата алады. Кері жағдайда олар сот шешімімен жабылмақ.

Павол Сачег, заңгер:

- Жағдайдың қаншалықты қиын екендігін соңғы сауалнама анық көрсетіп отыр. Чехтардың 76%-і Үкіметке, ал 66%-і Денсаулық сақтау министрлігіне сенбейді. Мұндай сенімсіздік барда жағдайды реттеу қиынға соғады. Локдаун көктемде де ұзартылады және алғашқы жеңілдету шаралары мамырға қарай басталады деп ойлаймын.

Үкімет 2 апталық локдаун кезінде жағдайды бағамдап көрмек. Егер тұрғындар шектеулерге қарсылық танытуынан танбаса, онда бұдан да қатал ережелер енгізіледі. Яғни аудандар арасындағы жүріс-тұрысқа тыйым салынуы бек мүмкін. Бұл ұсыныс қазірдің бастап Парламент қарауында жатыр.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Александр Грэс

Хабар 24 телеарнасы