420,22 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Венгрия қытайлық вакцинаның 550 мың дозасын алдырды

  • 52
  • UPD: 14:24, 17.02.2021

Еуропалық ел бірінші кезекте 275 мың адамға екпе салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Венгрия Қытайдың «Синофарм» компаниясымен 29 қаңтарда келісімшартқа отырған. Алдағы 4 айда тағы 7 миллион доза жеткізілуі тиіс. Бұл вакцина 2 жарым миллион тұрғынға егілуі керек.

Тамаш Менцер, Венгрия СІМ-нің мемлекеттік хатшысы:

- Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Қытайлық әріптестермен ынтымақтастықты былтыр қыркүйекте бастағанбыз. Біз «Синофарм» вакцинасын алған Еуроодақтағы алғашқы елміз. Біз адам өмірін сақтап, экономиканы тұрақтандыру үшін барымызды салып жатырмыз.

Доминикан Республикасына да алғашқы вакциналар жеткізілді. Бұл ел AstraZeneca-ның 20 мың дозасын алдырған. Препаратты қабылдап алуға әуежайға президенттің өзі келді. Екпе келген бетте медицина қызметкерлерін вакциналау науқаны бірден басталып кетті.

Айта кетейік, Доминиканда коронавирус басталғалы 3 мыңға жуық адам көз жұмып, 231 мыңнан астамы жұқтырған.

Луис Абинадер, Доминикан республикасының президенті:

- Медицина қызметкерлері белгісіз індетпен бетпе-бет келді. Олар өзіне артылған міндетті мінсіз атқарып келеді. Бұл жолда ақ халатты абзал жандарын өздерінің де, туғандарының да өмірін бәйгеге тігіп отыр. Сондықтан дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне бүкіл халықтың алғысы шексіз. Енді әрі қарай әрбір күнді тыңғылықты жоспарлап, мына қарғыс атқыр індеттен біржола құтылмақпыз.

Хабар 24 телеарнасы