Ұлыбританияда құл саудагерлерінің тарихтағы орны қайта таразыланды

Ұлыбританияда құл саудагерлерінің тарихтағы орны қайта таразыланды
фото: iz.ru

Былтыр АҚШ-та басталып, Ұлыбританияда жалғасқан нәсілшілдікке қарсы «Қаралардың өмірі маңызды» жаппай наразылық шаралары нәтиже бермей қоймады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұманды Альбионда құл иеленушілікке қатысы бар тарихи тұлғалардың құрметіне қойылған көшелер мен ғимараттардың атаулары өзгертіліп, ескерткіштер мен естелік тақтайшалары алынып тасталды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Былтыр жазда наразылар тобы XVII ғасырда құл саудасымен айналысып байыған, бірақ дәулетін қайырымдылыққа жұмсаған Эдвард Колстонның ескерткішін тұғырынан құлатып, суға ағызғаны белгілі. Кезінде Колстонның демеушілігімен мектептер, ауруханалар мен шіркеулер салынған болатын. Көпес негізін қалаған қайырымдылық қорлары әлі де бар. Өзенге ағызылған ескерткіш тұғырына қайта қойылмаса да, мәдени мұраға қол сұққандар вандализм үшін жауапқа тартылды.

Ал жақында құл саудасына қатысы бар 69 адамның тарихтағы орны қайта таразыланды. Олардың есімдерімен аталған 39 ғимараттың атауы өзгертіліп, 30 ескерткіш, естелік тақтасы және басқа да мемориал белгілері алынып тасталды. Науқан қоғамның біраз бөлігін мектептер мен университеттерден бастап, паб, шіркеу және қайырымдылық қорларына дейін қамтыды. Бастаманы қолдаушылар жексұрын әрекеттерімен есте қалғандарды дәріптеу ақылға қонымсыз деп бағалайды.

Дэвид Олусога, тарихшы:

- Британия 1640-1807-жылдар аралығында құл саудасында Солтүстік Атлантикада басты рөл атқарғаны ешкімге тосын жаңалық емес. Британдықтар 3 миллион африкалықты құлға айналдырып, кемелері арқылы жер-жерге сатты. Саудадан түскен байлықтың осы елде қалуы да ғажап емес. Ондаған жылдар бойы келе жатқан әділетсіздікке біз көз жұма қарадық. Ал енді тарих бәрін өз орнына қойып жатыр.

Бүгінде жергілікті билік ескерткіштерді тұғырынан түсіруді айтарлықтай қиындататын заң жобасын қарастырып жатыр. Оған сәйкес тарихи тұлғалардың мүсіндерін ақылға салып өзгертпек. Яғни жергілікті тұрғындармен және басқа да құзырлы орындармен келісе отырып, шешім қабылданбақ.

Роберт Дженерик, Ұлыбританияның тұрғын үй құрылысы министрі:

- Жаңа заң жобасына сәйкес аты дауға қалған тарихи тұлғалардың ескерткіштеріне ерекше мән берілетін болады. Олар жайлы ақпарат жазылған арнайы тақтайшалар ілінеді. Мүсіндерді тұғырынан түсіруге жол берілмеу керек.

Бүгінде «Қаралардың өмірі маңызды» қозғалысы Нобель сыйлығына ұсынылып отыр. «Қозғалыс нәсілшілдікпен күрестің ажырамайтын бөлігіне айналып, күрмеулі мәселеге бүкіл әлемнің назарын аудартты. Америка мен басқа елдерде жаппай тәртіпсіздіктер болғанымен, көп жағдайда наразылық шаралары бейбіт өтті», - дейді бастама авторы.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы