COVID-19: жер бетінде бір күнде 6 млн-ға жуық адамға екпе егіледі

Әлемде вакциналау науқаны қарқын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Статистика бойынша жер бетінде бір күнде 6 млн-ға жуық адамға екпе егіледі. Индонезия мен АҚШ-та медицина қызметкерлері мен әскерилерден бөлек қарапайым саудагерлер де вакцина салдырып жатыр. Иордания билігі індетке қарсы препаратты босқындарға да салғызады. Бүгін вакциналау науқаны Жапонияда да басталды.

Бүгін Токио қаласында жаппай екпе егу науқаны басталды. Жоспар бойынша вакцинация шарасының бірінші кезеңінде 40 мың медицина қызметкері егіледі. Қазір елде Pfizer мен BioNTech компаниясының препараты қолданысқа енгізілді. Өткен аптада аймаққа 400 млн доза вакцина жеткізілді. Дәріні арнайы температурада сақтау үшін 20 мың тоңазытқыш әзірленген. Жергілікті билік наурызға дейін 3 млн 700 мың ақ халатты қызметкер вакцина қабылдайтынын айтады. Ал сәуірден бастап 65 жастан асқан 36 млн жапон азаматына екпе салынады. Жақында Жапонияға Pfizer-ден басқа AstraZeneca мен Moderna препараттары да жетуі тиіс.

Катсунобу Като, Жапония министрлер кабинетінің хатшысы:

– Ақпанның 14-і елдің денсаулық сақтау, еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру министрі COVID-19 індетіне қарсы Pfizer вакцинасын қолданысқа енгізу жайында рұқсатын берді. Бүгін таңғы сағат 9-да Токионың ұлттық медицина орталығында екпе егу шарасы басталды. Шараның қауіпсіз өтуіне тиісті амалдар қолға алынды.

Дзюнко Хасэгава, медбике:

– Басында сәл қобалжыдым. Бірақ екпе сәтті өтті. Еш ауырған жоқ. Біз вакцинаны міндетті түрде қабылдауымыз керек.

Вакцинация науқаны қызу жүріп жатқан АҚШ-та енді сауда орындарының қызметкерлері егіле бастады. Кәсіпкерлер бұған дән риза. Себебі бұл шара шектеулерді айналып өтіп, жұмысты жалғастыруға септігін тигізеді. Дегенмен індет азық-түлік дүкендерінде тез тарап жатыр. Мәселен, Оңтүстік Калифорнияның 137 сауда орнында 500-ге жуық қызметкерге инфекция жұққан.

Джозеф Лупо, азық-түлік дүкенінің қызметкері:

– Мен ковид дертіне шалдықтым. Індеттен сақтанудың жалғыз жолы вакцина деп ойлаймын. Одан бас тарту ең үлкен қателік. Өйткені қауіп әлі де жоғары.

Вакцинация шарасы өткен айда басталған Индонезияда ірі сауда орындарының жұмысшылары мен тоқыма, текстиль базарларының саудагерлеріне екпе егіле бастады. Жақын арада спортшылар мен полиция қызметкерлері қабылайды. Жергілікті билік бір жылдың ішінде Индонезия халқының үштен екісін вакциналауды жоспарлап отыр. 

Элина Янг, саудагер:

– Бұл ел экономикасының қайта жандануына үлкен серпіліс береді. Екпені қуана қабылдадым. Еш күмәнданған емеспін. Сақтану үшін амал жасау керек кой. Халық біртіндеп бұрынғы тіршілігіне орала бастады.

Иорданиядағы босқындар лагерінде екпе егу орталығы ашылды. Қазір мына Заатари лагерінде 80 мың босқын мекендейді. Алғашында 2 мыңға жуық қарт адамға вакцина егіледі.

Арайлым Жақсылыққызы, Асем Хасенқызы