Италияда Сенат М.Драги үкіметіне қолдау білдірді

Италия сенаты өткен аптада жасақталған Марио Драги үкіметінің құрамын дауысқа салып, оған қолдауын білдірді.

Жаңа үкіметке жоғарғы палатаның 262 депутаты жақтап дауыс берсе, 40-ы қарсы шықты. Тағы 2 адам қалыс қалды. Енді бүгін бұрынғы Еуропалық орталық банк басшысының кабинетін парламенттің төменгі палатасы талқылап бекітуі тиіс.

Еске сала кетейік, Италияда қаңтар айында коалициялық үкіметке кіретін «Тірі Италия» партиясы үкіметті сынға алып, өз өкілдерін шығарып алған еді. Салдарынан саяси дағдарыс басталып, президент Серджио Маттарелла Еуропалық орталық банктың бұрынғы басшысы Марио Драгиге үкіметті жасақтауға ұсынған еді.